Құрдымға апарар құмарлық

ҚР ІІМ дерегінше, биыл алғашқы алты айда 38 жасөспірім есірткі қылмысы бойынша ұсталған.

Бұл – былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде келтірілген көрсеткіштен 40%-ға көп. Бүгінде нашақорлыққа қарсы күрес шаралары күшейіп келеді. Өйткені әлемде кейінгі 1 жыл ішінде көрсеткіш 20 пайызға артып, 300 миллионға жуық адам есірткіге тәуелді ретінде есепте тұр. Олардың дені жастар. 

Есірткі құрамдас немесе психотроптық, оларға ұқсас заттарға тәуелділіктен организм аса ауыр және тұрақты тәндік, психикалық өзгеруге, бұзылыстарға ұшырап, кейде өлімге әкеледі. Жастардың есірткіге тәуелді болуының көптеген себебі бар. Ең алдымен, психологиялық және әлеуметтік факторлармен байланыстыруға болады. Кейбір адамдар стресс, депрессия немесе басқа психикалық аурулардан оңай құтылу үшін есірткіні пайдалана бастайды. Сонымен қатар әлеуметтік орта, отбасының ықпалы және экономикалық жағдайлар да нашақорлықтың таралуына ықпал етеді. Жастар арасындағы нашақорлық көбіне қызығушылықпен басталады.

Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы бес айында есірткі қылмысына қарсы күрес аясында 4 тоннадан астам есірткі мен 15 тоннадан артық прекурсор тәркіленген. Осы уақыт аралығында 95 есірткі зертханасы әшкереленіп, оның ішінде біреуі транс­ұлттық сипатқа ие болған 18 қылмыстық топ жойылды. Одан бөлек, 14 мыңнан астам есірткіге қатысты интернет ресурсы мен 15 мыңға жуық банк картасы бұғатталып, құқық қорғау органдары ел экономикасын 1 млрд 230 млн теңгеден астам шығыннан сақтап қалды. «Нашақорлыққа жол жоқ» республикалық акциясы барысында еліміздің барлық аймағында 47 мыңға жуық есірткі жарнамасын таратқан граффити өшірілді. Аталған шара нәтижесінде 426 қылмыстық іс қозғалып, 36 күдікті қолға түсті.

Қоғамды алаңдатқан түйткілге қарсы шаралар жүзе­ге асырылып, нақты қадамдар жасалып жатыр. Соның бірі – Esirtkisiz QAZAQSTAN жобасы аясында ашылған есірткіге және есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту мақсатындағы арнайы фронт-офис. Алматы қаласында ашылған фронт-офис тек ақпарат беретін орын ғана емес, нақты іс-шаралар жүзеге асырылатын, кешенді алдын алу жұмыстары жүргізілетін орталық. Яғни, қаладағы есірткі ахуалына тұрақты мониторинг жасалып, тиімді шешімдер әзірленеді. Жобаға жауапты мамандар интернеттегі вирусты есірткі контентін «Мерген» алгоритмі арқылы анықтап, бұғаттайтынын айтты. Айта кету керек, жаңа алгоритм жасанды интеллект арқылы жұмыс істейді. Нәтижесінде, 4 мыңнан астам есірткі тарататын Telegram каналы және басқа маркетплейстер не онлайн платформалар канал бұғатталды. 

Қазір еліміз бойынша 76 медициналық мекеме мен аудандық ауруханаларда 212 психолог кабинеті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар жыл сайын 30 психиатр мен нарколог арнайы даярлықтан өтсе, бүгінде 152 резидент мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орындарында оқып жатыр.

С.БЕГІМБАЙ