Көкжиекке көз тіккен жастар

Сырта жүрсе де рухын жоғалтпай, ата-дәстүрден алыстамаған жастарымыз көп.

Оларға арналған іс-шаралар мен олимпиадалар да жиі өтікізіліп тұрады. Соның бірі – шеттегі қазақ диаспорасы балаларына арналған «Қазақстан – атажұртым, қасиетім – ана тілім» деген атпен өтетін дәстүрлі халықаралық олимпиада биыл Павлодар қаласында жалғасын тапты. 

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 20 жылдан бері арқауын үзбей ұйымдастырылып келе жатқан ұлт шарасы жемісін беруде. Осы уақыт ішінде үш мыңға жуық жас Отанына оралды. Бұл білім сайысы Отанымыздың барлық өңірінде өтеді. Биыл Ертіс – Баянда екінші рет ұйымдастырылды. Ұлт арыстарының елі: Қытай, Моңғолия, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғыз, Ресей Федерациясынан қатысқан 63 оқушыны ата-салт бойынша құшақ жая қарсы алып, ерекше ілтипат танытты.

Ашылу салтанаты сәулеті келіскен Жастар сарайында өтті. Жиында облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова сөз сөйлеп, жүздері бал-бұл жанған ұл мен қыздың қадамдарына сәттілік тіледі. Ертіс – Баян жұртының арғы-бергі тарихына аз-кем тоқталып, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам» деген Сұлтанмахмұт Торайғыров, «Ұлтым менен биік» деген Қаныш Сәтбаев сынды тағы басқа жақсылар елі екенін алға тартып, ұлт ұрпағы болуға шақырды.

Шетелде тұрып жатқан қандас балаларды түп тамыры сана­латын Отанымен таныстыра отырып, талантты оқушыларды анық­тады. ХХІІ олимпиада мақсаты – қандас балаларды қарға­да­йы­нан ана тілін үйренуге жол ашу, әдебиеті мен тарихына деген қызығушылығын арттыру, өсе келе ата-жұртына оралту. Олим­пиада талабына сай қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде шағын эссе жазса, екінші кезеңде тарихи та­ным бойынша әзірлеп келген жұмысы туралы баяндама оқыды. Үшін­ші кезеңде шығармашылық таныстырылымын талқыға салды.