Елден кеткендер көбейді
Елден кеткендер көбейді
Жыл сайын шетел асып жатқан Қазақстан азаматтары азаяр емес. Тек 2019 жылы 45 мың қазақстандық ке­лешек мекенін шекараның арғы бетінен тапқан. Ал осы кезде бар-жоғы 12 мың адам Қазақстанда тұруға бел буған. Осылайша, мемлекетіміз ай-күннің аманында өз азаматтарынан «тірідей айрылып жатыр». Алайда себеп неде? Өзге ұлттар тарихи Отанына бет алды ма? Бәлкім елімізде баға шарықтап, өмір сүру қиындады ма?  

Көштің есебі қандай?

Статистикалық мәліметтерде былтыр көші-қонның теріс саль­досы минус 32 973 адамды құра­ғаны көрсетілген. Яғни, келгені­мізден кеткеніміз көп. Соңғы 10 жылда Қазақстаннан 332 мыңнан аса адам кетіп, 220 мыңға жуық азамат көшіп келген. БҰҰ мәлі­ме­тінше, Қазақстанда дүниеге кел­ген әрбір бесінші азамат шетел­де жүр. Демек, 4 млн-ға жуық аза­матымыз өзге елдерде өмір сүріп жатыр. Сыртқа көшіп кеткен жан­дардың жалпы саны бойынша мемлекетіміз әлемде 15-орында тұр. Ал үдере көшуге итермелеп жатқан не?  

Әлеуметтік фактор себеп пе?

Көп жағдайда белгілі бір елден көшетін жандар жайсыздық барын айтады. Мысалы, экономикалық және әлеуметтік фактор, жұмыс­сыз­­дық немесе саяси себеп те ық­пал етуі мүмкін. 2018 жылы Finprom.kz са­раптамалық порталы көші-қон процесіне ауқымды зерт­теу жүргізіп, Қазақстандағы әр саланың білікті мамандары шетел­ге кетіп жатқанын анықтапты. Әсіресе, техника сала­сының ма­ман­дары, экономистер мен педа­гог­тер сыртқа ағылған. Де­мек, Қа­­­зақстан аза­маттарынан ғана емес, жұмыс күшін де жоғал­тып отыр деген сөз. Бірақ елде жұ­мыс­сыздық болса мамандарды ұстап отыруға қандай қақымыз бар? Жұ­мыссыздық демекші, ел жаста­ры­ның 23 па­йыздан астамы жұмыс­сыз жүр. Оған уақытша жалдамалы қызмет­кер­лерді қосыңыз. Деген­мен әлеу­мет­танушы Баян Жүзік­бай­қызы жұ­мыссыздық мәселесі шешілсе, адамдар елден кетпейтінін айтады.
– Жұмыссыздық – кешенді мәселе. Көші-қон ісінде бұл өте маңызды. Әсіресе, жастар жұмыс­сыздығына көңіл бөлген жөн. Кө­біне Еңбек кодексіне құқықтық өзгерістер қажет деп жатамыз. Оның негізінде колледж бен уни­верситеттерді бітірген жастарды мемлекет бірден жұмыспен қам­тып, 3-5 жыл аралығында тәжі­рибелі маман етіп шығаруы тиіс дейміз. Дегенмен бұлай міндеттеу арқылы мәселе шешіле қоймайды. Еңбек нарығы өзгеріске, ізденіске, жаңалықтарға бейім жандарды ғана қабылдайды. Мемлекет жас­тарды елде ұстап тұру үшін кәсіп­керлікке баулуды қолға алып жа­тыр. Бірақ жастар кәсіп бастауда қаражаттың болмауын, жалға алатын ғима­рат­тың қымбат екенін, іс жүргізуде тәжірибесі аздығын айтады. Түптеп келгенде жастар келешек маман­дығына көз жұма қарап, еңбек нарығында қай са­ланың сұранысқа ие боларын ес­кермей қателесіп отыр. Сондықтан жұмыссыздық әсерінен өзге ел­дерге баруды мақ­сат етеді, – дейді әлеуметтанушы.
Шындығында да, көші-қон мә­селесінде жастар жайы алаң­датады. Себебі шетелге көшетіндер арасында жастардың үлесі басым, орташа жас – 38. Былтыр өзге елге қоныстанған 45 мың адамның 5 мыңнан астамы 19 жасқа дейінгі жандар екен.  

Жастар кеткісі келе ме?

Осы күні көрші Ресейдің жоға­ры оқу орындарында 70 мыңға жуық жас білім алып жатыр. Олар­дың басым бөлігі елге оралмай, тұ­рақтап қалуы да мүмкін. Жас­тар­дың өзге елге білім іздеп емес, ке­ле­шектегі мекенін іздеп барып жат­қаны ой­лантарлық. Ал Өске­мен қа­ласының тумасы, Ресейдегі Томск поли­техникалық ұлттық зерттеу уни­верситетінің студенті Әсем Идри­шева «жастар біліксіз» деген ұғым­мен келіспейтінін жеткізді. – Қазақстанда мектепті тамам­дадым. Көбіміз Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдадық, себебі Еуропаға сәл де болсын жақын. Кей жастар осында отбасымен бірге көшіп келгісі келеді немесе Еуропаға барғанды қалайды. Жаңа қоғамға ұмтылғымыз келеді. Бірақ Ресей мен Қазақстанда жағдай бірдей. Шынымды айтсам, маған Ресейде оқудың, Орталық Азия елде­рінде оқудың айырмашылығы жоқ сияқты. Бұл елдердің білім жүйесі керексіз ақпаратпен уақы­тымды құртатын секілді көрінеді. Осы жақта отбасыммен тұрақтап қалуым да, қайта еліме оралуым да мүмкін. Бұл проблеманы кейін ойланамын, – дейді студент.  

Жағдай түзеле ме?

2019 жылы шетелге көшкен адам­дар саны әлеуметтану сала­сындағы мамандарды да толған­дырған. Бірақ бәрі елдегі жағдайға сай күткен нәтиже екенін айтады. Себебін түрлі фактордан іздеуге болатынын айттық. Ендігі кезек «бұл көш тоқтай ма?» деген сұраққа тірелсе керек. Бірақ елде доллар­дың қымбаттап, азық-түлік баға­сы­ның тоқтаусыз шарықтай бе­руіне қарап жағдайдың түзелетініне сену қиын секілді. Ал әлеумет­та­нушы Исатай Минуаров тұрмыс­тық қиындықтар барлық әлем елдеріне ортақ екенін баяндады. – Күнкөріс деңгейі нашарлап отырғаны жасырын емес. Бірақ бұл ауыртпалық бүкіл жер шарында бар. Біз көші-қонға қатысты зерт­теу жүргізген болатынбыз. Көшіп жатқан адамдар шетелде де жағдай мәз емес екенін біледі. Тек оларды ынталандыратын – жаңа өмір, ден­саулық сақтауға кепіл бере ала­тын мемлекет және бәсекелестікке сай, ешкім жолыңды бөгемейтін жақсы жұмыс орны. Байқағаны­мыздай, шетелді жастар таңдайды, қолынан келсе көшіп кетуге тыры­сады. Біз­дің қоғамымыздың әр саласына жа­ңашылдық, өзгеріс енгізбейін­ше – көші-қон мәселесі күрмеулі күйінде тұрмақ, – дейді маман.   Түйін: Кез келген адамның өмір сүру құқы бар. Ол соған сай тұрақ­тайтын мекенін, тілін, дінін өз еркі­мен таңдауға құқылы. Бізді алаң­да­татыны – өзге елге үдере көшкен аза­маттар санының өсуі. Олардың арасында ел болашағы үшін бір кісідей пайдасын тигізе алатын әр саланың мамандары да бар екені сөзсіз еді.  

 width=Мадияр ТӨЛЕУ