Жуырда Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының 210 түлегі үлкен өмірге жолдама алды. Жас лейтенанттарға дипломдарын Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов табыстап, Отанға адал қызмет етуге тілектестік білдірді.
– Құрлық әскерлері әскери институтының түлегі атағын мақтанышпен алып жүріңіздер. Елге қызмет ету – ең үлкен абырой, – деді ол өз сөзінде.
Биыл 55 жылдығын атап өтетін әскери оқу орнының түлектері тек кәсіби біліммен ғана емес, сонымен қатар ғылым, спорт және қоғамдық қызметтегі белсенділігімен де ерекшеленді. Бұл әскери кадрлардың жан-жақты дамып келе жатқанын білдіреді.
Ал осы күндері «Мәтібұлақ» полигонында әскери міндеттілердің қатысуымен жиын өтті. Жиында қауіпсіздік жүйесінің тағы бір маңызды тетігі талқыланды. Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласынан келген бұрынғы әскери қызметшілер бір ай бойы тактикалық, атыс және саптық машықтарын қайта жаңғыртып, бөлімше құрамында әрекет етуді пысықтап жатыр.
– Әскерде алған дағдымды қайта шыңдауға мүмкіндік алдым. Бұл – әр азамат үшін үлкен жауапкершілік. Мен Отан алдындағы парызымды өтеуге әрқашан дайынмын, – дейді жиынға қатысушы Ернар Маутханов.
Оқу жиынына қатысушылар толықтай керек-жарақпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар олар жұмыс орындары мен қызметтік лауазымдарын сақтай отырып, ай сайынғы жалақы көлемінде төлем алады. Бұл – мемлекет тарапынан әскери міндеттілерге деген құрметтің белгісі.
Мемлекет қорғанысын тек кәсіби армиямен емес, сонымен қатар дайындығы бар резервтік күштермен де қамтамасыз ету – ұлттық қауіпсіздік стратегиясының ажырамас бөлігі. Жас лейтенанттардың сапқа қосылуы және резервтегі жауынгерлердің дайындығы Қазақстан армиясының қуатын көрсететін нақты көрсеткіш.
Әсет ҚАЛИ