Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын қаржы құйған 110 отбасы көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Кілт табыстау рәсімі Қосшы қаласының мерекесіне орай ұйымдастырылып, бұл іс-шараға ерекше мән берілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2021 жылы қала мәртебесі берілген Қосшы бүгінде серпінді дамып келе жатқан елді мекендердің қатарына қосылды.
Бұрын «Сиреневый сад» аталған тұрғын үй кешеніне «Ынтымақ» атауы берілді. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл атау ұзақ күткен үміттің ақталғанын және жаңа кезеңнің басталғанын білдіретінін айтты.
«Қосшы – болашағы зор, мүмкіндігі мол, шығармашыл әрі еңбекқор азаматтар тұратын қала. Соңғы төрт жылда ауқымды жұмыстың тек бастамасы ғана орындалды. Соның жарқын дәлелі – «Ынтымақ» тұрғын үй кешенінің үлескерлеріне пәтер кілттерінің табысталуы», – деді өңір басшысы.
Қосшы қаласындағы «Сиреневый сад» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2014 жылы тоқтап қалған болатын. 2023 жылы бұл нысан үлестік құрылыс мәселелерін шешуге арналған өңірлік Жол картасына енгізілді. Құрылыс жұмыстары «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында жаңа инвестордың қатысуымен қайта жанданды. Облыс әкімдігі мен «КГС Сауда» ЖШС арасындағы өзара келісім құрылыс қайта жанданып, сегіз айдың ішінде толық аяқталды.
Үлескерлердің мәселесін шешу – «AMANAT» партиясы үшін аймақтарды дамытудағы басым бағыттардың бірі. «Ынтымақ» тұрғын үй кешенінің аяқталуы – осы бағыттағы маңызды кезең. Жақын арада келесі ірі жоба – Diamond Park тұрғын үй кешенінің құрылысы басталмақ.
«AMANAT» партиясы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған әлеуметтік бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.
Елнар ЕЛТАЙ