Баланың денесінен ұзындығы бір жарым метр катетер табылған

Тоғыз жасар балаға сирек кездесетін диагноз қойылған. Оның жүрегінде бір ғана қарынша бар. Ата-анасы баласын Қазақстаннан Ресейдегі Мешалкин орталығына емдеуге апарып, 5 миллион төлеген.

Новосібір қаласындағы медициналық мекемеде күрделі жүрек ақауы бар қазақстандық баланың өкпесінен ұзындығы 1,5 метрге жуық катетер сымы табылған. Отбасы Италияда ота жасату үшін ақша жинап жатыр. Бұл туралы Mash Siberia Telegram арнасы мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ата-анасы баласын емдету үшін Қазақстаннан Ресейге алып барған. Науқас бала жүректің бір ғана қарыншасымен дүниеге келген, бұл – өте сирек кездесетін жүрек ақауы. Олар Новосібірдегі медициналық мекемеге жүгініп, ем-шара үшін өз қаражаттарынан төлем жасаған.

Операцияға дайындық барысында балаға төрт рет зонд орнатылған. Осыдан кейін оның жағдайы күрт нашарлап, дәрігерлер уақытша кардиостимулятор орнатуға мәжбүр болған. Артынша баланың өкпе тұсынан сұйықтық анықталып, қосымша тексеріс жүргізілген.

Рентген кезінде баланың өкпесінде бөгде зат – катетерден қалған ұзын металл сым бары белгілі болған. Дәрігерлердің айтуынша, бұл сым қан айналымында тромбтың түзілуіне себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта бала қымбат антикоагулянттар қабылдауға мәжбүр.

Баланың ата-анасы жағдайға байланысты Ресей Федерациясының Тергеу комитетіне ресми шағым түсірді. Медициналық мекеме бұл оқиғаға қатысты түсініктеме беруден бас тартқан, ал бұрынғы қызметкердің айтуынша, операцияға дейін баланың ағзасында ешқандай бөгде зат болмаған.

Оқиға қоғамда резонанс тудырып отыр. Бұл жайт медицинадағы жауапкершілік пен қауіпсіздік мәселесін, сондай-ақ шетелдік азаматтарға көрсетілетін ақылы медициналық қызметтердің сапасын қайта қарау қажеттігін күн тәртібіне шығарды.

Қазіргі таңда ресми тергеу жұмыстары жүргізілуде, ал бала дәрігерлер бақылауында емін жалғастырып жатыр екен.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.