Бірыңғай цифрлық радио желісі құрылады

Қазақстан төтенше жағдайларда шұғыл әрекетке көшу үшін бірыңғай цифрлық радио желісін құрады.

Қазіргі заманның сын-қатерлеріне жедел ден қою үшін жаңа, тиімді шешімдер қажет. Бүгінгі таңда қауіпсіздік технологиялық дамуға ілесуі керек. Қарқынды технологиялық прогресс пен төтенше жағдайлар санының өсуі жағдайында сандық радиобайланыс негізгі бағыттардың бірі болып саналады.

2025 жылдың басынан бастап Қазақстанда азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі шеңберінде ведомствоаралық УҚТ радиобайланысты дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда ТМД-да бұл жүйенің аналогтары жоқ.

Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан радиобайланысының шашыраңқы транкингтік желілерін біріктіру бойынша ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар өткізілді. Бұл қызметтер арасында бірыңғай байланыс платформасын құруға негіз болды.

Жаңа базалық стансаның интеграциялануының арқасында Павлодар мен Түркістан қалаларында цифрлық радио желісіне қосылған 12-ші және 13-ші өңірге айналды. Бұл елдің басқа өңірлеріне  де қосылуға серпін берді. Желіні дамыту шеңберінде Шымкент, Абай, Петропавл, Қызылорда және Ақтау қалаларында тағы 8 транкингтік базалық станса енгізу жоспарлануда. Бұдан басқа қолданыстағы базалық стансалар Алматыдан Қостанайға, Түркістаннан Көкшетауға берілетін болады. Ақтөбеде монтаждау жұмыстары басталды.

Желіні пайдаланушылар санын ұлғайту және радиобайланыстың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін ауқымды техникалық қайта жарақтандыру жүзеге асырылады.

Шымкент, Ақтөбе, Абай, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Ақмола және Түркістан облыстарының департаменттері 1141 алып жүретін радиостанса, PTT үлкен кнопкасы бар 350 гарнитура, 67 мобильді және 24 стационарлық радиостанса, 35 спутниктік телефон, 22 ұшқышсыз ұшу аппараты, 11 алып жүретін және 27 стационарлық ретранслятор сатып алады.

Радиобайланысты ауқымды цифрландыру еліміздің түкпір-түкпіріндегі  радиостансалар арасында бірыңғай, ауқымды байланыс платформасын құруға мүмкіндік беретін технологиялық серпіліс болады. Бұл байланыстың сапасы мен сенімділігін арттырып қана қоймай, төтенше жағдайлар кезінде үйлестіруді айтарлықтай жеделдетеді.

Сандық радиобайланыс – бұл тек технологиялық жетістік емес, әсіресе хаос, тәуекел және болжау мүмкін емес жағдайларда қазіргі заманғы құтқару жүйесінің негізі. Оның енгізілуі мен дамуы азаматтық қорғауды жаңғыртуда шешуші рөл атқарады және еліміздің кез келген уақыттағы сын-тегеуріндерге ден қоюға дайындығын нығайтады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.