Спорттық нысандар тексерістен өтті

Түркістан қаласында «AMANAT» партиясының cайлауалды бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан бірқатар спорттық нысанның құрылысы партия назарында. Жуырда облыстық филиал өкілдері осы нысандарға арнайы барып, құрылыс барысын тексерді.

Іссапар барысында партияның Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева бастаған делегация жаңа ипподром, ескек есу каналы мен спорт кешендерінің құ­рылысымен танысты. Делегация құрамын­да Түркістан қалалық филиалының атқа­ру­шы хатшысы Сұлтанхан Таштеев, партиялық бақылау комиссиясының төра­ға­сы Бегахмет Абусейітов және қалалық мәслихат депутаттары болды.

Бірінші кезекте партия өкілдері 99 гектар аумақта салынып жатқан көп­функционалды ипподромның құрылысын зерделеді. Бәйге жолының ұзындығы 4 шақырымды құрайтын бұл нысан зама­науи инфрақұрылыммен қамтамасыз етілмек. Қазір «ВД Строй инжиниринг» ЖШС нысанның екінші кезеңін қарқын­ды жүргізіп жатыр.

«Жаңа ипподром – өңірде ат спортын дамытуға арналған ірі жоба. Бұл – тек спортты  емес, ұлттық дәстүрді дәріптейтін маңызды нысан. Партия бұл жобаның уақытылы әрі сапалы аяқталуын жіті бақылауда ұстайды», – деді Қалыйма Жантөреева.

Сондай-ақ аманаттықтар халықаралық стандарттарға сай ескек есу каналының құрысылысын тексерді. Аумағы 100 гектарды құрайтын, ұзындығы 2,2 шақырымнан асатын бұл канал құрылысы үш кезеңмен жүргізілуде. Қазір екінші және үшінші кезеңдегі жұмыстар қатар атқарылып жатыр. Мердігер «Қаратас майнинг» ЖШС-ның жобаны белгіленген мерзімде аяқтайтыны айтылды.

Облыстық партия филиалы төрағасы­ның уақытша міндетін атқарушы Түркістан қаласы әкімдігінің тапсырысымен Бекзат шағынауданында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысын да зерделеді. Аума­ғы 858 шаршы метрді құрайтын нысан М.Мақатаев көшесінде орналасқан. Бұл кешен балалар мен жастар үшін спорттық инфрақұрылымды қолжетімді етуді көздей­ді. Дегенмен құрылыс кестесінен кешігу мәселесі де назардан тыс қалмады. 

«Партиялық бақылау тобының мүше­лері кешеннің уақытында аяқталмауына байланысты мердігерге ескерту жасап, нысанды жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық пайдалануға беруді тапсырды. Балалардың спортқа жазылып, жаттығуға қатысуы үшін кешен жаңа оқу маусымы басталғанға дейін дайын болуы керек. Бұл – жай талап емес, ел аманатына берілген уәде», – деді Түркістан қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сұлтанхан Таштеев.

Тексеру нәтижесінде анықталған бар­лық мәселені шешу жөнінде нақты тап­сыр­малар берілді. Партия өкілдері барлық спорт нысанының құрылысы мен пай­да­лануға берілуін қатаң бақылауда ұстайты­нын мәлімдеді.

Елнар ЕЛТАЙ