«Менің ойыммен сәйкес келмейді»: әнші Мирас Жүгінісов ағасының пікірін қолдамайды

Ол өзінің әлеуметтік желідегі парағына жазба жариялады.

Танымал әнші, қазіргі біраз хит әндердің авторы Мирас Жүгінісов Ақтөбедегі мешітте болған жанжалға қатысты пікір білдіріп, басы дауға қалған ағасына қатысты өз пікірін  білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол өзінің әлеуметтік желідегі парағына жазба жариялады. 

“Соңғы күндері ағамның айтқан пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырып, кейбір жандардың көңіліне тиіп жатыр. Ол өз ойын білдірген жеке тұлға. Мен өз жолым, өз ұстанымым бар адаммын. Мен отбасымның әр мүшесін құрметтеймін, бірақ олардың жеке көзқарастары менің ойыммен әрдайым сәйкес келе бермейді. Сол үшін де кейбір кезде мәселелер туындайды. Оларды осылай айтып отырамын деп ойламадым. Не айтқым келгенін сіздер түсініп отырсыздар”, – деп бастады әңгімесін әнші. 

Сөзінше, әндерінің дені нәзік жандыларға арналғандықтан, әрқашан қызға құрмет көрсету керек екенін естен шығармаған. 

“Менің шығармашылығым адамға құрмет жайлы. Нәзік жандыларға арналған әндерім де бар. Өйткені әйел адамның орны менің өмірімде ерекше. Бұл жағдайдан көңілі қалған барша жаннан кешірім сұраймын. Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін өте маңызды”, – деп жазды М.Жүгінісов.