Жердің де сұрауы бар

Ақтөбе облысында биыл­ ауыл шаруашылығы мақ­са­тын­дағы жерді шаруаларға беру үшін 14 конкурс өтті.

Оның нәтижесі бойынша 242 600 гектар жер айналымға енгізілді. Оның 2 900 гектары – егістік. Сонымен бірге жерді мемлекетке қайтару жоспары да орындалып жатыр. 

– 2022 жылы 500 мың гектар жерді қайтару міндеті қойылды. Сол жылы 535 мың гектар жер қайтарылды. 2023 жылы 366 мың, 2024 жылы 219 мың гектар қай­та­рылды. Ал биыл 160 мың гектарды қайтару керек деп тапсырма қойылды. Бүгінде 128 900 гектар жер мемлекеттің босалқы жер қорына берілді, – деді Ақтөбе облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Ержанов. 

Биыл облыстық Жер ресурс­тарын басқару департаменті жер телімдеріне қатысты 260 материал­ды қарады. Аудан әкімдіктерінің құжаттары негізінде түсіндірме жұмысы жүргізіліп, ескерту бе­ріледі. Егер шаруалар алған жерді қажетіне жаратпаса, мемлекетке қайтаруы тиіс. 

– Ақтөбеде 6 жер учаскесін мақсатына сай пайдаланбаған. Оның жалпы ауданы 10 мың гектар болады. Қазір істі сот қарап жатыр, – деді Нұрбол Ержанов.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы­ның аумағы 30,1 млн гектарды құрайды. Оның 26,9 млн гектары – ауыл шаруашылығы алқабы. 25,3 млн гектары жайылым болса, 707 мың гектары – егістік, 494 мың гектардан астамы – тыңайған жер.

А. ҚАҺАРМАН