Танымал имам дінге қатысты көзқарасына бола Баян Алагөзоваға бойкот жариялауға шақырды

Имамның әлеуметтік желідегі жазбасы көпшіліктің ашуын туғызды.

Атышулы продюсер Баян Алагөзованың “Қазақтар Ислам дінін қабылдамаған” деген мәлімдемесі дін өкілі Данияр Кенжеұлына жақпай қалды. Имам продюсердің күйеуі Тұрсын Алагөзов шығаратын “Maxi чайды” ішпеуге шақырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты  Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

“Баянның “қазақтар Ислам дінін қабылдамаған” деген сөзі – жай ғана сауатсыздық емес, бүкіл ұлттың рухани тарихына қарсы жасалған соққы. Бір халықтың санасын мұқатуға, діни тұтастығын мазақ етуге бағытталған аса қауіпті мәлімдеме. Қазақ ежелден мұсылман. Бұл — шежіреден шегеленген ақиқат. "Мұсылман болмағансың" деу — тек дінді емес, тарихты, рухты жоққа шығару. Егер жүректегі иман тірі болса, Баянның сөзі титтей де салмақ салып, жанды түршіктірсе — “Maxi чайды” ішпеңдер. Бойкот жариялаңдар”, – деп жазды Данияр Кенжеұлы. 

Имамның әлеуметтік желідегі жазбасы көпшіліктің ашуын туғызды. 

“Қыздарды зорлағандарға неге бойкот жарияламасқа?”, “Кәсіп аш, адамдарға жұмыс бер, пәтер алып бер, содан кейін сөйле”, “Әйелдерді өлтіріп жатыр, балаларды зорлап жатыр, бірақ ол түк емес. Кедейлік пен жемқорлық – қалыпты дүние. Ал қазақтар бастапқыда мұсылман болмаған деген еді, бітті, бойкот”, – деп жарыса жазды желі қолданушылары.