– Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалап, көшін түзеу миссиясы маңдайына бұйырған бірегей тұлға. Оның заманауи мемлекет қалыптастырудағы тағдыршешті рөлі, тұлғалық айрықша қасиеті, Отан алдындағы ерен еңбегі зор. Елбасы бір сұхбатында «Нағыз көшбасшы үшін қиындық сол, сен үнемі болашақты көздейсің. Сен басшысың, қосшы емессің. Көштің басында тұрғандықтан, елді қайда бастап келе жатқаныңды білуің керек... Президентке шешім қабылдау керек және сол шешімі үшін жауап беруі тиіс» деген еді. Еліміздің Тұңғыш Президенті өзінің айрықша ел басқару талантымен қазіргі таңда әлемнің айтулы лидерлерінің қатарынан берік орын алған. Ол жауапкершіліктің зіл батпан салмағын көтеріп халқына өмір бойы қалтқысыз қызмет етудің өнегелі үлгісін көрсетті. Осы арқылы Елбасы халқының айрықша ықылас-құрметіне бөленді. Сол себепті миллиондаған азамат Мемлекет басшысының 19 наурыздағы Жолдауынан маңызды бір бағдарламалық мәлімдеме күткендей еді. Бірақ Елбасының сөздерін естіп отырған жұрт бір сәтке аңтарылып қалды. Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешімін халық толғаныспен, күйзеліспен қабылдады, көзіне жас алғандар да аз болған жоқ.
Қаншалықты тосын көрінгеніне қарамастан, бұл уақыт талабына сай қабылданған, Тұңғыш Президенттің терең даналығын, болаттай берік жігерін көрсеткен шешім болды. Сонымен қатар Елбасы Қазақстанның одан әрі тиімді дамуының негізі таңдалған саяси бағдардың сабақтастығын сақтауда жатқанын баса айтты. «Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады» дегені сөзімізге дәлел.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында елімізді табысқа және әлемдік беделге жеткізген Тұңғыш Президенттің бағдары бұлжымай жалғасатынын айтты. Осы бағытта Президент Елбасының ауқымды мұрасын еселеу арқылы елімізді көркейте түсуге күш салып, оның саяси тілегін іске асырмақ.
Ойымызды түйіндеп жеткізсек, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев – интеллектуалдық инновацияны дәстүрмен, беделімен, өмірлік даналығымен әрі салауатты прагматизммен шебер сабақтастыра білген саяси көшбасшының үлгісі. Сол себепті оның саяси және экономикалық жобалары сәтті жүзеге асты.Ол елді дағдарыстан шығарудың тиімді жолын қапысыз тауып, оның дамуы үшін тоқтаусыз қызмет ететін жүйе қалыптастыру арқылы жаңа мемлекетті құрды және оны аса жоғары деңгейдегі саясаткер ретінде басшылардың жаңа толқынына тапсыра білді.