Аталған іс-шараға БҚО әкімінің орынбасары Тлепберген Каюпов, Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, облыстық Қаржы басқармасының басшысы Нұрлан Есенғалиев, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мадияр Өтешев, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бақберген Абуов, ардагерлер, денсаулық сақтау саласының мамандары және ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында БҚО әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов жобаның маңыздылығына тоқталып, ауылға келіп еңбек етіп жатқан мамандарға алғысын білдіріп, қуаныш иелеріне тұрғын үйлердің кілтін табыстады.
– Мемлекет басшысының ауылдарды дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында өңірімізде 2024 жылы облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының бастамасымен «Қаладан – ауылға» жобасы іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты – қалада тұратын ауыл азаматтарын туған ауылына қайта оралту арқылы ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, кадр тапшылығы мәселесін шешу. Аталған жоба аясында былтыр облыс бойынша 42 тұрғын үй берілсе, биылғы жылдың басынан бері 16 баспана сатып алынды. Бұл – ауылдағы инфрақұрылымды дамыту мен сапалы адам ресурстарын тартудағы жүйелі қадамдардың нақты нәтижесі. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жалпақтал ауылындағы баспаналар Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы медицина университетін тәмамдаған жалпы тәжірибелі дәрігер Асылзада Құмарға, Қызылорда облысы Байқоңыр қаласынан келген реаниматолог-анестезиолог Асылхан Шакизадаевқа, Тараз қаласынан келген акушер-гинеколог Мөлдір Ибрагимоваға, Қостанай облысы Денисов ауданынан келген жалпы тәжірибелі дәрігер Ерболат Босынбековке берілді.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, жоба аясында Казталов ауданына 19 отбасы немесе 106 адам ауданға қоныс аударған. Ауданға көшіп келген 2 отбасында нәресте дүниеге келді. Көшіп келген отбасылардың 18-іне жаңа баспана, 1 отбасына ауыл тұрғындарының көмегімен жөнделген үй берілді. Барлығы тұрғын үй кезегіне қойылып, ресми тіркеуден өткізілді.
Биыл «Қаладан-ауылға» өңірлік жобасы аясында табысталып отырған Жалпақтал ауылындағы алғашқы баспаналардың құрылыс жұмыстарын мердігер, жеке кәсіпкер Асхат Жұманов жүргізді.