Кішкентай қадам үлкен өзгеріске бастайды

Бүгінгі жаһандық экологиялық дағдарыс жағдайында әрбір қадам маңызды. Атырау қаласында алғаш рет өткен ерек­ше экологиялық акция – соның жарқын дәлелі. «Таза Қазақ­стан» жалпыұлттық экология­лық бағдарламасы аясында ұйым­дас­тырылған бұл баста­ма – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тың тәсілдердің бірі болды.

Таяуда Атырау қаласына қарасты Қайыршақты мен Алмалы ауылдық округтерінде «Жасыл ел» ұйымы өткізген акция нағыз отбасылық мерекеге айналды. Шараның қарапайым шарты көпшілікті ынталандыруға ықпал етті. Яғни, бес пластикалық бөтелке өткізген әр қатысушыға бір балмұздақ тегін берілді. Нәтижесінде, небәрі бір сағат ішінде 24 мыңға жуық пластикалық бөтелке жиналып, 5 мыңдай балмұздақ таратылды.

Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, бұл тек қоқыс жинау емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеуге үйрету мақсатында қолға алынған кең ауқымды жұмыс. «Қайыршақты округінің өзінде 10 мыңға жуық пластик бөтелке жиналды. Барлық қалдық арнайы қайта өңдеу мекемелеріне жіберіледі», – дейді ол.

Шараға әсіресе балалар ерекше қызығушылықпен қатысты. Мұхамедәлі есімді оқушы досы Мадиярмен бірге бір күнде бес қап бөтелке жинаса, Перизат есімді тұрғын бауырларымен төрт қап толтырған. Көпбалалы ана Айгерім Күлетова балаларын үйде ұстап қалмай, қоғам жұмысына жұмылдырған. «Балалар балмұздақ үшін емес, тазалық үшін еңбек етті. Ең кішкентайымыз үш жаста. Мен үшін олардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауы – басты құндылық», – дейді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, мұндай шаралар өзге де ауылдық ок­ругтерінде жалғасын тауып жатыр. Бұл акция бір реттік шара емес, Атырау тұрғындарының табиғатты аялау мә­дениетін арттырып, жас ұрпақты эколо­гиялық жауапкершілікке тәрбиелеудің тиімді жолына айналмақ.

Жыл өткен сайын қалдықтардың, әсіресе пластиктің қоршаған ортаға келтіріп жатқан зияны артып келеді. БҰҰ деректеріне сү­йен­сек, әлемде жылына 400 миллион тон­надан астам пластик өндіріледі, оның 9 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Қазақстан үшін де бұл мәселе өзекті. Осындай жергілікті бас­тамалар арқылы ғана жаһандық проб­лемаларға нақты шешім ұсынуға болады.

Бұл – қарапайым азаматтардың, ата-аналардың, балалардың және жергілікті әкімдіктің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Экология – тек экологтардың мәселесі емес, әрбір азаматтың саналы таңдауы­на байланысты. Атыраулықтардың бұл бастамасы басқа аймақтарға үлгі болары сөзсіз.

Экология жанашыры, химия сала­сының маманы Әсел Оңдашованың айтуынша, экологиялық тәрбиені тұтас қоғамда қалыптастырудың маңызы ерекше. 

«Пластик – адамзат өмірін айтарлықтай жеңілдеткен материал. Алайда оның зияны – бүгінгі экологиялық дағдарыстың негізгі себептерінің бірі. Әсіресе, күнделікті өмірде көп қолданылатын пластикалық бөтелкелер қоршаған ортаға аса үлкен қауіп төндіріп отыр. Арзан әрі ыңғайлы болғанымен, бұл тұрмыстық қалдық табиғатқа ұзақ жылдар бойы зиян келтіріп, экожүйелердің бұзылуына әкеледі. Мәселен, пластик бөтелкелердің ыдырау мерзімі 450 жылдан асады. Табиғатта өздігінен жойылмайтын бұл қалдықтар ғасырлар бойы топырақта, су қойма­ларында, теңіздер мен мұхиттарда сақта­лып, тірі организмдерге қауіп төндіреді. Пластик бөтелкелер мен басқа да қалдықтар көбіне суға тасталады немесе желмен теңізге жетіп, балықтар мен теңіз жануар­ларының өліміне себеп болады. Жыл сайын миллиондаған құс, тасбақа, балық пластикті тамақ деп қабылдап, жеп қою салдарынан өледі», – дейді ғалым.

Сол себепті ол кез келген мемлекет плас­тикті алмастыратын биопластик өндіруге және оны қолдануға назар ауда­руы керек деп есептейді.

«Микропластиктің адам ағзасына енуі түрлі аурудың туындауына себеп болуы мүмкін. Бүгінде микропластик ауадан, судан, тіпті тұз бен балдан да табылып жатыр. Пластик бөтелкелер – көрінгендей зиянсыз емес. Олар жүзде­ген жыл бойы табиғатқа зиян келтіріп, тіршілік иелерін құртып, адам ден­саулығына қауіп төнді­реді. Сондықтан бұл мәселені шешу – тек мем­­лекет пен ға­­­лымдардың емес, әрбір адам­­ның ­күн­делікті әрекетіне байла­нысты», – дейді табиғат жанашыры, ғалым Әсел Оңдашова.

Насиба Ешмұратова – Атыраудың тазалығына атсалысып жүрген тұр­ғын­дардың бірі. Ол Атырау арнайы авто­ба­засында еңбек етеді. Қала маңындағы Еркінқала ауылындағы учаскенің таза­лығына жауапты Насиба Ешмұратова экологиялық тазалық акцияларын жиі өткізу керек деген пікірде.

«Бес жылдан бері тазалық саласында еңбек етіп келемін. Аптап ыстық пен қақа­ған аязға қарамастан, біздің жұ­мы­сымыз жалғаса береді. Өз қаламыздың та­залығы­на немқұрайды қарамай, әркім өзінен бас­таса, қарапайым қоқыс тастау мәдениетін үйренсе, ауа да таза, біздің де жұмысымыз жеңілдер еді», – дейді ол.

Қалай десек те, қоршаған орта – ұрпаққа аманат. Бүгін жасалған игі әре­кеттер ертеңгі ұрпаққа таза табиғат, сау экожүйе болып оралары анық. 

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы