Бұл бастама жұмысшы кадрлардың мәртебесін арттырып қана қоймай, сұранысқа ие мамандықтарды таңдауға жастардың қызығушылығын еселеп отыр. Аталған жылдың аясында ел бойынша өндіріс орындары мен оқу орындарының серіктестігі тереңдеп, жаңа мүмкіндіктер көкжиегі кеңейе түсті. Осы орайда, Шымкент қаласындағы жарты ғасырлық тарихы бар Жол-көлік колледжінің жетістігі – осы игі бастаманың жарқын көрінісі.
Қазір еліміздегі техникалық білім беру саласында алдыңғы қатардан табылатын бұл колледж көлік жөндеу, автоэлектрика, сервистік қызмет көрсету сияқты заманауи бағыттағы мамандарды даярлауда тәжірибесі мол оқу орны. Колледж базасында жаңартылған шеберханалар, заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған гараж кешендері бар. Бұл жерде студенттер теориялық біліммен қатар, нақты өндірістік ортада да тәжірибеден өтеді.
Колледждің оқу-өндірістік шебері Киелібек Жүнісовтің айтуынша, соңғы жылдары техникалық бағытқа бет бұрған жастардың қатары арта түскен. Себебі көлік саласы үнемі жаңарып, кәсіби қызметкерлерге деген сұранысы азаймайтын сала.
– Бүгінде елімізде әр отбасыда кемінде бір көлік бар. Жаңа маркалар – Toyota, Hyundai, KIA, әсіресе қытайлық автокөліктер қарқынды еніп жатыр. Демек, оларды сапалы жөндеуден өткізу үшін жоғары деңгейдегі мамандар қажет. Президенттің жұмысшы мамандықтарға көңіл бөлуі – осы саладағы кадр даярлығына серпін берді, – дейді Киелібек Жүнісов.
Колледжде бүгінде үш мыңға жуық студент білім алуда. Жаз мезгілінде жастар түрлі сервистік орталықтарда тәжірибе жинақтап, нақты кәсіптің қыр-сырын меңгереді. Осы бағытта колледж бен өңірдегі жетекші автосалондар мен сервистер арасында тұрақты серіктестік байланыс қалыптасқан. Соның бірі – ROYAL MOTORS автосалоны. Бұл орталық жыл сайын Жол-көлік колледжінің студенттерін өндірістік тәжірибеге қабылдайды. Автосалонның жетекшісі Бағлан Көпбаев қазіргі нарықта қолынан іс келетін маманның мәртебесі жоғары екенін айтады.
– Бүгінде білімді ғана емес, тәжірибелі, жаңа техниканы игере алатын мамандар ауадай қажет. Біз колледжбен бірнеше жылдан бері тығыз жұмыс істейміз. Тәжірибеден өткен көптеген студент бүгінде біздің тұрақты қызметкерімізге айналды, – дейді ол.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында көлік саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған арнайы іс-шара да жоғары деңгейде өтті. Шара барысында жас мамандар мен ардагер ұстаздар бас қосып, тәжірибе алмасты. Кәсібіне адал мамандар арнайы марапаттарға ие болды. Бұл – бір жағынан ынталандыру, екінші жағынан жастарды мамандыққа деген сүйіспеншілікке баулудың көрінісі.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы