Қаржылық пирамида – қоғам­ның өзекті мәселесі

Бүгінгі «Остаптар» қала аралап «гастрольдетіп» әуре болмайды. Қиырда отырып алып, қырдағы халықты ұялы телефон арқылы қан қақсата салады. Сонымен қатар ел арасында жүріп түрлі сценарий құрушылар да жеткілікті.

– Қазір қаржылық пирамида – қоғам­ның өзекті мәселелерінің бірі. Мемлекет бас­шысы құқықтық тәртіп идео­ло­гиясы аясында жұмысты жалғастыруды, қар­жылық пирамидалармен күресті күшей­туді, халықтың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыруды бірнеше рет тап­сырды. Осылайша, Қаржы мо­ни­торингі агент­тігі құрылған сәттен бастап біз­дің де­партамент қылмыстық істерді қоз­ғау ар­қылы 31 қаржылық пирамиданы за­лал­сыз­дан­дырды және жойды, – дейді Қа­рағанды об­лыстық Экономикалық тер­геп-тексеру департаментінің тергеу бас­қар­ма­сының басшысы Ержан Қалиасқаров.

Істердің көпшілігі, яғни 20-сы сотқа жол­данған. Жоғарыда айтылған 31 қар­жы­лық пирамидаға QI TradeKazakhstan, MFO Leader Capital 168 ЖШС, Finiko, BusinessGame, Ne rabota интернет-жобасы, Kotel, Tender, BayLife, MillionerGame77, MillionerGame7777,  TheGreatTower, Rassvet i Millio­nery, Lux, Ozіmіz gay Aray, Faberlic, Doverie, PC AmanatHome, PC Elim-ai 2019, PC GAP, Tabys, LiveGood, Asarbaspana, SincereSystemsGroup, Tacorp, Fashion Star, Uilibolayik кіреді. Анықталған 100 мың салымшының 5 мыңнан астамы Қарағанды  облысының  тұрғындары.

Осы жылдың алғашқы алты айына қар­жы пирамидасының құрылымдық бөлім­ше­лері басшыларына қатысты 2 үкім шы­ғары­лып, олардың біреуіне 7 жылға нақты бас бос­тандығынан айыру, екіншісіне 5 жылға шарт­ты түрде бас бостандығынан айыру жа­засы тағайындалды.

– Айта кету керек, қаржы пира­ми­да­ла­рын ұйымдастырушылар Қарағанды қала­сы­ның ғана емес, облыс аудандарының тұр­ғындары. Республикалық ауқымдағы пи­рамидалардың бірі біздің облыста тіпті 4 кең­се ашқан. Оның 2-і Қарағанды қала­сын­да, 1-і Теміртауда және 1-і Балқаш қала­сын­да, –  дейді Ержан Қалиасқаров.

Осы уақытта жүргізілген жедел-іздестіру, оның ішінде профилактикалық іс-шара­лар­мен, атап айтқанда, интернет-кеңістігіне мо­ниторинг жүргізгенде қаржылық пира­ми­­да белгілері бар 1 312 сілтеме анықталған (оның ішінде: 1 097-і бұғатталды, 78-і қа­был­данбады, 137-сі орындалуда, бұғаттау пайы­зы 84%). Осылайша, облыстық Эко­номикалық тергеп-тексеру департаменті аза­маттардың қаржылық пирамида белгілері бар 1 097 интернет-жобаға тартылуының ал­­­­­дын алды.

– Негізгі көрсеткіштерге тоқталсақ, 40 қыл­мыстық іс өндірісте болса, биыл 27 қыл­мыстық іс тіркеліп, 21 іс немесе 52,5% аяқ­тал­са, 19 іс сотқа жолданды, 2 іс өндірісте тоқ­татылды. Аяқталған істердің 14-і ауыр (66,6%), 5-і орташа ауырлықтағы (23%), 5-і ауыр емес. Аяқталған істер бойынша ауыр – 14 (66,6%), орташа – 5 (23%), жеңіл – 2 (9,5%). Белгіленген шығын көлемі 2,1 мил­лиард теңгені құраса, оның 614 миллионы ақ­шалай өтелсе, 1,3 миллиард теңгенің мүл­кі тәркіленді. Тәркілеуді есепке алғанда өтел­гені – 1,9 млрд теңге немесе 91,7%, – дей­ді Ержан Қалиасқаров. 

Ауадан ақша жасап, халықтың қалтасына түс­кен Бендер ізбасарлары түрлі айла-шар­ғыны өмірге әкелуде. Айтылып жатса да, өзі­міз барып қақпанына түсіп жатқаннан кейін алаяқтар айылын жияр емес. 

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы