Aikyn.kz қоғамдағы нәсілдік пен инклюзия бойынша америкалық биліктің жаңа саясатының технологиялық компаниялардың қызметіне әсерін CNBC материалына сүйеніп талдайды.
Tech Transparency Project (Технологиялық ашықтық жобасы) ұйымының жаңа есебіне сәйкес, Google компаниясы жалпы 214 ұйымды қаржылай қолдау көрсету тізімнен алып тастаған. Олардың орнына 101 жаңа ұйымды қосқан. Алынып тасталған ұйымдардың ең ірісі – DEI саласына қатыстылары. TTP деректері бойынша, Google қаржыландырған тізімнен осындай 58 ұйым шығарылған. Бұл ұйымдардың миссияларында «әртүрлілік», «теңдік», «инклюзия», «нәсіл», «активизм» және «әйелдер» сияқты сөздер жиі кездескен. Сондай-ақ, Трамп әкімшілігі федералды агенттіктерге мұндай терминдерден аулақ болуды немесе оларды пайдалануды шектеуді ұсынғаны айтылады.
Google өкілі Хосе Кастанеда CNBC арнасына бұл тізім 2024 жылғы салымдарды ғана көрсететінін, ал компанияның басқа бөлімдері жасаған жалпы қайырымдылықты көрсетпейтінін айтқан.
«Біз инновацияны қолдайтын саясатты жақтайтын түрлі саяси бағыттағы жүздеген ұйыммен жұмыс істейміз. Бұл топтар жыл сайын біздің қолдауымыздың әсері көбірек тиетін бағыттарға қарай өзгеріп отырады», – дейді Кастанеда электронды нұсқадағы жауабында.
Тізімнен шығарылған ұйымдардың қатарында қара нәсілділер мен тарихи тұрғыдан шеттетілген қауымдастықтардың құқықтарын кеңейтумен айналысатын Афро-америкалық қоғамға қызмет көрсету агенттігі, латын қауымына қатысты нәсілдік теңдік үшін күресіп жүрген Латын көшбасшылар альянсы және иммигранттардың балаларына арналған мектептен тыс бағдарламаларды ұйымдастыратын Enroot бар.
Бұл қысқартулар Google-дің соңғы жылдары қабылдаған DEI міндеттемелерінен бас тартуының бір бөлігі ретінде көрінуде. Бір жағынан бұндай шешім компанияның ЖИ (жасанды интеллект) технологияларына басымдық беру үшін шығындарын азайтуға, екінші жағынан АҚШ-тағы DEI-ге қарсы саяси-құқықтық жағдайдың өзгеруіне байланысты болып отыр.
Соңғы онжылдықта DEI бағдарламалары Кремний аңғары мен басқа да салаларда жұмысқа қабылдаудағы біржақтылықты жоюға, әділ жұмыс ортасын қалыптастыруға және әйелдер мен түрлі этникалық топ өкілдерінің мансаптық дамуына қолдау көрсетуге бағытталған болатын.
Алайда АҚШ Жоғарғы сотының 2023 жылғы колледждердегі позитивтік дискриминацияны тоқтату туралы шешімі консервативтік ортада DEI бағдарламаларына қарсы пікірлердің күшеюіне себеп болды.
DEI термині саяси тұрғыдан даулы болып кеткеніне қарамастан, көптеген компаниялар бұл бағыттағы жұмысын жалғастыруда. Тек олар терминологияны өзгертіп, «оқыту» немесе «жалдау» сияқты бейтарап сөздермен алмастырған. Тіпті Google бас директоры Сундар Пичаи наурыз айындағы жиналыста компаниядағы әртүрліліктің маңызын атап өткен.
«Біз – жаһандық компаниямыз, әлемнің түкпір-түкпірінде пайдаланушыларымыз бар. Сол пайдаланушыларға тиімді қызмет көрсету үшін біздің жұмыс күшіміз де осы әртүрлілікті көрсетуі керек», – дейді Пичаи.
Google бұл ұйымға 2024 жылы 75 000 доллар бөлгенін растады. Бірақ оны не себепті ресми қайырымдылықтар тізімінен алып тастағанын түсіндірмеді. Осылайша, демократиялық елдер қоғамдық пікірдің өзгеруіне байланысты саясатты да жылдам өзгертуге бейім екені тағы да байқалуда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.