Елімізде 12 заманауи перинаталдық орталық салынады

Бүгінгі Үкімет отырысында аналар денсаулығы мен туу мәселесі де қаралды.

Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов азаматтарға, әсіресе ауылдық жерлерде сапалы медициналық көмек көрсетуде кадр мәселесінің маңыздылығына тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ауылдық жерлерге білікті кадрларды тарту және оларды орнықтыру болашақ аналар мен балалар үшін қолжетімді медициналық көмек алуына мүмкіндік береді, – деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар акушерлерді, гинекологтер мен неонатологтерді, педиатрлар мен реаниматологтерді жетекші отандық және шетелдік орталықтарда тұрақты түрде оқыту мен қайта даярлау жұмыстарын одан әрі жалғастыру қажет.

Елордада және өңірлерде жетекші клиникалар базасында оқу орталықтарын дамытып, мамандарды үздіксіз оқыту бағдарламаларын енгізуге тиіспіз. Сондай-ақ қауіпсіз босану жағдайларын жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуі қажет. Ең алдымен, бұл перинаталдық орталықтарды заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге қатысты. Біз дамыған елдердің көрсеткіштеріне жақындау үшін босану кезіндегі күрделі және қауіпті жағдайлардың алдын алу бойынша жұмысты күшейтуіміз қажет. Денсаулық сақтау жүйесін дұрыс ұйымдастырған жағдайда, көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады», – деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары ана мен бала өлімін 6 еседен астам төмендетуге мүмкіндік туды.

«Аналар саулығы» және заманауи перинаталдық орталықтар құрылысы. 

«Мемлекет басшысы заманауи перинаталдық орталықтар құрылысын жалғастыруды тапсырды. Осы жылдың 1 қарашасына дейін барлық қажетті құжаттаманы дайындау жұмыстарын аяқтап, Шымкент пен Қарағандыда осындай орталықтардың құрылысын бастау қажет. Әйелдерді жүктілікке дайындауға, ауруларды уақытылы диагностикалау мен сауықтыруға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасын сапалы әрі барлық өңірде толыққанды іске асыру керек. Еліміздің орталығынан ең шалғайдағы ауылдарына дейін барлық тұрғынның сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуын қамтамасыз ету қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Аталған жұмыстардың барлығында орталық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестірудің маңыздылығы айтылды. 

Ана өлімінің деңгейі 12%-ға, нәресте өлімінің деңгейі 11%-ға төмендеді: Үкіметте Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру жайы қаралды.

Қазақстанда ана мен бала өлімінің деңгейі төмендеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады.

«Қабылданған шаралар нәтижесінде 2024 жылы ана өлімінің деңгейі 12%-ға, нәресте өлімінің деңгейі 11%-ға төмендесе, биылғы жылдың 6 айының қорытындысында ана өлімінің деңгейі 10%-ға, нәресте өлімінің деңгейі 26%-ға төмендеді», – деп атап өтті министрі.

Ақмарал Әлназарова бұл көрсеткіштерге ДДСҰ мен ЮНИСЕФ-тің халықаралық ұсынымдарына негізделген медициналық көмек көрсетудегі жаңа тәсілдерді енгізу нәтижесінде қол жеткізілгенін айтты. Соның ішінде, елімізде акушерия саласында 25 және педиатрия бойынша 20 клиникалық хаттамалар жаңартылған.

Босанғаннан кейінгі қан кетулердің алдын алудың жаңа әдістері енгізілді, соның нәтижесінде биыл ағзаларды сақтап қалу операциялары 20%-ға артты.

Медициналық авиация желісі бойынша дер кезінде және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету шаралары ауыр жағдайдағы әйелдер мен балалардың 96%-ын құтқарып қалуға мүмкіндік берді;

Одан бөлек өткен жылдан бастап босандыру және балаларға арналған ұйымдардың медициналық техникамен жабдықталуы 87%-ға дейін жақсарып, тозу көрсеткіші 37%-ға дейін төмендеді.

Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде 12 заманауи перинаталдық орталық салынады.

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде 12 заманауи перинаталдық орталық құрылысын салу жоспарланып отырғанын хабарлады. Жаңа нысандар Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Тараз, Қарағанды, Қаскелең, Қостанай, Қызылорда, Орал қалаларында және Түркістан облысының Темірлан ауылында бой көтермек. 

Президенттің цифрлық трансформация және медициналық қызметтер сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде Қазақстанда электронды денсаулық паспорты мен балаларға арналған цифрлық бейін енгізілуде.

Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балалардың цифрлық бейінін енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады. 

Оның айтуынша, бұған дейін балабақша мен мектепке баруы үшін балалар денсаулығының электрондық паспорты енгізілген. Бұл балалар арасындағы қауіп факторларын ерте анықтау мен оларға көрсетілген медициналық көмектің көлеміне мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Одан бөлек, жүкті және босанған әйелдердің электрондық картасы, олармен проактивті жұмыс жүргізу сервисі енгізілді. Бүгінгі таңда болашақ аналарға жоспарлы қабылдау күні мен скринингтен өту туралы 348 мың хабарлама жіберілген. Сондай-ақ Жүкті және фертильді жастағы әйелдер тіркелімін медициналық ақпараттық жүйелермен интеграциялау жүзеге асырылды. 2024 жылдан бері оны жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.