Nur Otan партиясы Түркістан қалалық филиалының ұйымдастыруымен қала аумағындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағаларына тұрақтылықты сақтау мақсатында құрылған жұмыс тобының мүшелері рейдтік шара жүргізді. Жұмысшы топ құрамында Nur Otan партиясы Түркістан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Темірбаев, қалалық мәслихат депутаты, Nur Otan партиясы Түркістан қалалық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы М.Қорғанбаев, қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің мамандары мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.
Рейд барысында жұмыс тобының мүшелері қаладағы «Шапағат», «Әл-қаусар», «Шаңырақ, «Береке» сауда орындарын және «Алтын бұлақ» базарын аралап, бағаның тұрақтылығын қадағалады. Олар сонымен қатар сауда орындарындағы қала тұрғындарына қажетті азық-түлік пен басқа да қажетті өнімдердің сөрелерде самсап тұрғанына көз жеткізді. Қазіргі таңда қоғамда орын алып отырған келеңсіз жағдайға байланысты халық арасында «азық-түлік бағалары қымбаттап кетіпті» деген алыпқашпа әңгімелердің орынсыз екені анықталды. Жұмысшы топ халыққа қажетті өнімдер сол бұрынғы бағаларында саудаланып жатқанына, қажетті заттардың толық екеніне куә болып қайтты.Айта кетейік, алдағы уақытта қала аумағындағы сауда орындары мен базарлардағы тауарлардың бағасына мониторинг және талдау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
Әбілмансұр ЖАСАН