Соңғы жылдары еліміздегі заңнамалық жүйе жаңғырып, экономиканың стратегиялық салаларында бірізділік пен айқындыққа бет бұра бастады. Әсіресе, құрылыс – ел дамуының тамырына қан жүгіртетін маңызды сала. Мемлекеттік саясат аясында қолға алынған реформалардың ішінде құрылыс саласының орны бөлек. Себебі ол – тұрғын үйден бастап әлеуметтік инфрақұрылымға, өндіріс ошақтарынан бастап көлік желісіне дейінгі барлық тіршілік арнасының негізі. Қалалар мен елді мекендердің келбеті, олардың дамуы мен қолайлығы осы саланың тиімділігіне тікелей байланысты.
Бүгінде құрылыс экономиканың ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі ретінде елдің дамуына орасан үлес қосып отыр. Алайда құрылыс жобаларын тиімді жүзеге асыру – тек қаржы мен материалдық базаға ғана емес, жобаларды басқару мәдениетіне, экономикалық, ұйымдық-құқықтық тетіктердің жетілдірілуіне де тікелей байланысты. Өкінішке қарай, осы жүйедегі олқылықтар құрылыс саласындағы басқару деңгейінің төмендеуіне алып келуде.
Қазіргі таңда қала құрылысы мен құрылыс қызметі бірнеше оқшау нормативтік актілермен реттеледі. Атап айтқанда, «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, техникалық регламенттер, құрылыс нормалары мен ережелері (СП, СН және ҚНжЕ), стандарттар (ГОСТ), Үкімет қаулылары мен орталық уәкілетті органдардың актілері бар. Алайда осы заңнамалық кеңістіктегі әркелкілік, бірізділіктің жоқтығы саланың жүйелі дамуына кедергі келтіріп отыр. Сонымен қатар қолданыстағы құрылыс нормалары халықаралық стандарттарға толық сәйкес келмейді, ал жергілікті басқару органдары мен құрылыс компанияларының заң талаптарын сақтамауы – жиі кездесетін құбылыс.
Осы қажеттілікті ескере отырып, 2022 жылғы 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылыс кодексін әзірлеу туралы тапсырма берді. Содан бері кодекс жобасын қалыптастыру мен пысықтау мақсатында үлкен жұмыс жүргізілді. Кодекс тек бір саланың емес, тұтас ұлттық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасының болашағына жауап беретін құжат ретінде бағаланды.
Жобаның Парламент Мәжілісіне алғаш түскен кезінде, оның мазмұны әлі де пісіп-жетілмеген, толыққанды жүйелік құжат деңгейіне жетпеген еді. Құқықтық олқылықтар, қайшылықты нормалар, шала тұжырымдар көп болды. Дегенмен Мәжіліс қабырғасында түйткілдермен бетпе-бет келгенде үлкен жұмыс басталды. Жұмыс топтарында депутаттар мен мамандар, сарапшылар мен қоғам өкілдері нақты ұсыныстарын білдіріп, жобаға өмірмен үндес мазмұн қоса түсті.
Құрылыс заңнамасын біріктіру мен жүйелеу арқылы жүзеге асатын кодификация бүгінгі таңда ушығып тұрған мынадай түйткілдердің шешімін табуға негіз бола алады:
· сапасыз құрылыс жұмыстары;
· бірыңғай жоспарлаудың болмауы;
· Жол қозғалысы ережелері мен Бас жоспарға сәйкес келмейтін заңсыз нысандардың салынуы;
· рұқсат беру рәсімдерінің заңсыз жүргізілуі;
· жер телімдерінің мақсатсыз пайдаланылуы;
· инфрақұрылым қуаттарының тапшылығы мен қолданыстағы желілердің шамадан тыс жүктелуі;
· қысқамерзімді пайда көздейтін фирмалардың нарыққа кедергісіз енуі;
· хаотикалық құрылыс пен жасыл аймақтардың жойылуы;
· қалалардың тарихи келбетін бұзу;
· заңнамалық ережелердің түсініксіздігі мен көптігі;
· бақылаудың әлсіздігі мен жауапсыздық.
Мәселен, жобалық құжаттаманы сараптау мен құрылыс барысын бақылау жүйесі заман талабына сай емес. Құжаттарға үстірт көзқарас, техникалық қадағалаудың жеткіліксіздігі, әкімшілік рәсімдердің ашықтығының болмауы – құрылыс сапасына кері әсер етуде. Бұған қоса, жобалаушы, мердігер, техникалық бақылаушы секілді қатысушылар арасындағы жауапкершіліктің нақты бөлінбеуі де мәселені күрделендіреді.
Осы түйткілдердің шешімі ретінде әзірленіп отырған Құрылыс кодексі – құрылыс саласының заңнамалық тұғырын бекітетін жүйелі, іргелі құжат болуға тиіс. Кодекс нормаларды бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, саланың ашық, әділ және барлық тарапқа ортақ жұмыс ережелерін қалыптастырады.
Кодекстің мақсаты – заңнаманы жүйелеу, қайталанатын және өзара қайшы келетін нормаларды жою, құрылысты басқаруда цифрлық тетіктерді енгізу, сала қатысушыларының жауапкершілігін арттыру, қауіпсіздік пен энергия тиімділігінің озық стандарттарын заң жүзінде бекіту.
Кодекс құрылыс объектісінің бүкіл өмірлік циклін қамтиды: бастапқы құжаттаманы әзірлеуден бастап жобалау, құрылыс, пайдалануға беру және тіпті оны бұзу кезеңіне дейінгі барлық рәсімдер қамтылады. Барлық әкімшілік рәсімдер Бірыңғай цифрлық кеңістік аясында жүзеге асырылады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтып, мерзімдерді қысқартып, рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Саладағы жауапкершілікті нақты бөлу – Кодекстің басты тіректерінің бірі. Жаңа жүйе аясында жобалаушы жобаның дұрыстығына, мердігер орындалған жұмыстың сапасына, техникалық қадағалаушы бақылаудың дұрыстығына дербес жауап береді.
Сонымен қатар Кодексте техникалық реттеу мәселесіне де жаңаша көзқарас ұсынылған. Қауіпсіздіктің міндетті талаптарымен қатар, тиімділігі дәлелденген жағдайда баламалы жобалық шешімдер мен заманауи материалдарды қолдануға мүмкіндік беріледі. Бұл – «жасыл құрылыс» технологияларын, энергия үнемдейтін және экологиялық шешімдерді енгізуге жол ашады.
Сейсмикалық қауіп аймақтарында заманауи оқшаулағыш жүйелер мен инженерлік шешімдерді қолдану арқылы халықаралық стандарттарға сәйкес сейсмикалық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Бүгінде Қазақстан аумағының үштен бірі сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймаққа жатады. Онда 6 миллионнан астам адам тұрады, 400-ден астам елді мекен орналасқан, ал еліміздің өнеркәсіптік әлеуетінің 40%-ы осы өңірлерде шоғырланған.
Саланы цифрландыру – Кодекс жобасында айрықша маңызға ие. Жобалауға дейінгі дайындықтан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық процестер цифрлық кеңістік арқылы қадағаланады. Құрылыс барысында техникалық қадағалау, авторлық бақылау, қабылдау актілері және орындалған жұмыстар бойынша төлем секілді барлық кезеңдер онлайн түрде бақыланады. Сонымен қатар осы платформада құрылыс саласындағы мамандарды сертификаттау және оларды тіркеу рәсімдері де автоматтандырылмақ.
Жобалау сапасын арттыру мақсатында құрылыс объектілерін ақпараттық модельдеу – BIM технологиясы – міндетті түрде қолданылатын болады. Яғни, жобалардың сапасын арттырып қана қоймай, құрылыс барысының ашықтығын қамтамасыз етеді.
Қалаларды дамытуда да жаңаша тәсіл енгізіледі. Бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының талаптары күшейтіледі. Енді кез келген құрылыс бастамасы – әлеуметтік инфрақұрылымның мүмкіндіктеріне, көлік жүйесіне, халық тығыздығына және жасыл аймақтардың сақталуына қарай жоспарланады. Көзқарас қалалардың жүйесіз өсуіне жол бермей, үйлесімді және орнықты дамуына негіз болады.
Құрылыс кодексі тек салалық заңнаманы жүйелеу құралы ғана емес, сонымен қатар сапаға, қауіпсіздікке, цифрлық тиімділікке негізделген басқарудың жаңа философиясын ұсынады. Урбанизация, халық санының өсуі және өмір сүру сапасына қойылатын талаптардың артуы жағдайында бұл құжат – еліміздің сәулеттік келбетін айқындайтын, заманауи инфрақұрылымды қалыптастыратын және азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсартатын маңызды тетікке айналады.
Бүгінде Қызылорда облысында құрылыс кластері қалыптасуда. Сыр елінде цемент және шыны зауыттары жұмыс жасап тұр. Жақында ғана 5 млрд теңгеге кірпіш зауыты ашылды. Сонымен қатар испаниялық Roca Group компаниясымен бірлесіп, өңірде €70 млн инвестиция тарту арқылы санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын заманауи зауыт бой көтермек. Аталған жобалар өңірлік индустрияның дамуына серпін беріп, құрылыс саласына қажетті материалдардың жергілікті өндірісін жолға қоюда. Осындай жаңа қуаттар мен инновациялық кәсіпорындар Құрылыс кодексінің талаптары мен стандарттарын тиімді іске асыруға мүмкіндік туғызады.
Парламент алдында –- кәсіби қауымдастықтың, өңірлік сарапшылардың пікірін ескере отырып, осы Кодекс жобасын жан-жақты саралап, талдап, қабылдау міндеті тұр. Құжат тек кең қоғамдық қолдауға ие болған жағдайда ғана өзінің басты миссиясын – елімізде қауіпсіз, сапалы әрі тұрақты құрылыс ортасын қалыптастыруды толыққанды орындай алады.
Айта кету керек, Мәжілістегі жұмыс топтарының жұмысы әдеттегі формалдылықпен шектеліп қалған жоқ. Әр ұсыныс, әр пікір кеңінен талқыланды, нақты мысалдармен негізделді. Құрылыс саласындағы нақты проблемаларға қанық депутаттар әр өңірдің ерекшелігін ескеріп, бірқатар маңызды түзету енгізді. Мысалы, құрылыс кепілдігіне қатысты қолданыстағы заңнамада нақты, міндетті механизмдердің жоқтығын сынға алды. Жобаның алғашқы нұсқасында кепілдікке қатысты талаптар өте жалпылама, әрі нақты мерзім, жауаптылық, тетіктері нақты көрсетілмеген еді. Дәл осы тұсқа бірқатар маңызды ұсыныс енгізілді.
Заң жобасының бастапқы күйі мен қазіргі толықтырылған, жүйеленген нұсқасы – үлкен еңбектің жемісі. Жобаны талқылау барысында артық сөзден гөрі нақты ұсыныстар мен дәлелді деректер басым болды. Осындай ортақ түсіністік пен жауапкершілік заң жобасын сапалы деңгейге жеткізуде.
Осы жолда әр бапты байыппен қарап, әр тармақты терең сарапқа салып, ел игілігі үшін тиімді тетіктерді заң тіліне түсіруде жұмыс тобының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Әбенов Мұрат Абдуламитұлының еңбегі айрықша. Ол күрделі құжатты қоғам талабымен ұштастырып, уақыт сынынан сүрінбейтін заңға айналдыру бағытында табанды жұмыс жүргізуде.
Ендігі кезекте жұмыс топтарының алдында тұрған басты міндет – Құрылыс кодексін мейлінше толықтырып, саладағы нақты қажеттіліктер мен қоғам сұранысына бейімдеу. Осылайша, құжаттың әр тармағы нақты істе іске асатын, тиімді шешімдердің негізіне айналмақ.
Мархабат Жайымбетов,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі.