Жетісу облысы Панфилов ауданындағы «Нұр-Жолы» ветеринариялық бақылау бекетінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің қызметкерлері Қытай Халық Республикасынан Түрікменстанға бағытталған, терісі мен сүйегі алынған 42,2 тонна мұздатылған тауық филесінің заңсыз транзитіне жол бермеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталған жүк Қазақстан Республикасында құс шаруашылығы өнімдеріне қатысты қолданыстағы уақытша шектеулерді бұза отырып тасымалданған. Бұл шектеулер тірі құсқа, инкубациялық жұмыртқаларға, мамық пен қауырсынға, кемінде 70°C температурада термиялық өңдеуден өтпеген өнімдерге, құсқа арналған жем мен жемдік қоспаларға (микробиологиялық және химиялық жолмен алынған қоспалардан басқа), сондай-ақ пайдаланылған құс ұстауға, союға және өңдеуге арналған жабдықтарға қатысты.
Өнімнің толық партиясы шыққан еліне – Қытай Халық Республикасына кері қайтарылды.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын ветеринариялық-санитариялық талаптар мен шектеулерді қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.