Халықаралық парламенттік одақтың, UN-OHRLLS және Түрікменстан Парламентінің қолдауымен өткен форум барысында тұрақты дамудың негізгі мәселелері, Аваза іс-қимыл бағдарламасын іске асырудағы парламенттердің рөлі, сондай-ақ өңірлік және халықаралық әріптестікті нығайту жолдары талқыланды.
Форум қатысушылары LLDC елдері парламенттері арасындағы күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Бұл, ең алдымен, көлік және сауда инфрақұрылымын дамытуға, есептілікті қамтамасыз етуге және институционалдық тұрақтылықты арттыруға бағытталған заңнамалық бастамаларды ілгерілету үшін қажет. Сонымен қатар теңізге шыға алмайтын елдердің мүдделерін көздейтін көпжақты сауда жүйесін қалыптастыру, бейбітшілік пен сенімді нығайту және тұрақты даму мақсатында парламенттік ынтымақтастықты күшейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Форум қорытындысы бойынша Аваза іс-қимыл бағдарламасының мақсаттарын жүзеге асыруға ұлттық парламенттердің белсенді қатысуын және ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарын бекітетін Парламенттік декларация қабылданды.
Қазақстан делегациясының мұндай халықаралық іс-шараларға қатысуы еліміздің парламенттік дипломатия саласындағы ұстанымдарын одан әрі нығайтуға, сондай-ақ тұрақты даму мен өңірлік ынтымақтастық салаларындағы ұлттық мүдделерді ілгерілетуге ықпал етеді.
Б.ИКРАМОВА