2025 жыл жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы беделін арттырып, жастар арасында сұранысқа ие мамандықтарды дәріптеу мақсатында «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп танылды. Бұл бағытта «AMANAT» партиясы ұйымдастыруымен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері, тәжірибелік семинарлар, оқытулар мен мемлекет тарапынан ұйымдастырылып отырған түрлі бағдарламаны насихаттау жұмыстары жүргізіліп келеді.
Орал қаласындағы «Зенит» кеме жасау зауыты, «Жайықжылуқуаты» АҚ, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы», «Желаев» нан өнімдері комбинаты, «Кублей» ЖШС, «Орал трансформатор» зауытындағы кәсіби жұмыстарды ерлермен теңдей атқарып жүрген әйелдермен кездесуде Шолпан Таңатқызы партияның Әйелдер қанаты әркез жұмысшыларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Іс-шараларда әйелдерге қатысты еңбек қатынастарының заңды жүргізілуі, бала күтіміне байланысты декреттік демалыстан шыққан әйелдерге қатысты әлеуметтік кепілді сақтау, кәсіпорынның имиджін қалыптастыруда әйелдердің жұмыс көрсеткішін ескеру тақырыптары қозғалды.
– Қазір ірі зауыттарда, кәсіпорындарда, шағын және орта бизнес субъектілерінде қызмет атқарып жүрген әйелдер саны өсіп келеді. Бұл жерде біз әрқашан қай жерде жұмыс атқармасын, әйелдердің жұмыс уақытында, еңбек өтілінде ескерілуі қажет тұстар бар екенін нәзік жандыларға жеткізгіміз келеді. Заң аясында өз құқықтарын білуге шақырамыз. Сол себепті де әртүрлі бағытта қызмет атқаратын ұйымдарды аралап, өз көзімізбен көріп шықтық. Кей мекемелердегі ұжымдық мәдениеттің жоғары деңгейде қалыптасқанын, қызметкерлерге тегін түскі ас, жұмыс киімдері жеткілікті қамтамасыз етілгенін көріп отырмыз. Ұжымдық шарттардың жоғары деңгейде орындалып жатқанынан да куә болдық, әлеуметтік мәселелердің ескерілуі қажет тұстарға тоқталдық, сонымен қатар әйелдер тарапынан ұсыныстарды да тыңдадық. Алдағы уақытта жұмыс жоспарында аталған мәселелерді қарастыратын боламыз, – деді партия хатшысы Шолпан Каринова.
Зарина КАИРОВА,
«AMANAT» партиясы
БҚО филиалы баспасөз хатшысы