Ақтық сапарға аттанып бара жатқан жандардың қолын қысып, жалғыз қалдырмады. Бұл – көркем әдебиеттегі өлім доуласының бейнесі. Біздің шынайы өмірімізде де дәл осындай мамандар бар. Қазақстанда бұл тақырыппен кәсіби айналысып жүрген алғашқы әрі әзірге жалғыз маман – Зухра Сарманова. Бүгінгі сұхбатта өлімнің маңайындағы қорқыныш, үнсіздік, жалғыздық сияқты ауыр сезімдер мен сол сәтте жанға демеу болатын доула қызметі туралы сөйлестік.
– Адамдар сіздің қызметіңізді алғаш естігенде таңданыс танытуы мүмкін. Сондай сәтте өзіңізді қалай таныстырасыз? «Өлім доуласы» дегеннің мәнін қалай түсіндіресіз?
– Мен ең алдымен трансперсоналды психологпын, сонымен қатар өлім доуласы ретінде жұмыс істеймін. Бұл ұғымды жиі салыстыру арқылы түсіндіремін. Психолог адамды «емдеуге» тырысады, ал доула – емдемейді, тек жанында болады. Емдеуге, қайтаруға, түзетуге мүмкіндік жоқ жағдайлар – мысалы, өлім, қартаю, ажырасу секілді өзгерістер кезінде көмекке келемін. «Мен сізбен біргемін. Қасыңызда боламын. Қандай сезімдеріңіз болса да, бірге өткереміз», – деймін. Менің міндетім – адам эмоцияның тұңғиығына тұншығып, сол күйінде қалып қойғанда, соны бірге өткізіп шығуға көмектесу.
– Өзіңіздің қызметіңіз туралы қандай қате түсініктерге жиі кезігесіз?
– Өлім доуласы өлімді жақындатады деген жаңсақ түсінік әлі де кең таралған. Алайда шын мәнінде бұл қызметтің түпкі мақсаты – мүлде басқа. Керісінше, біз адамның соңғы сәттерін барынша мағыналы, тыныш әрі жеңіл өткізуіне көмектесуге тырысамыз. Бұл – өмірмен қоштасуды толық қабылдау емес, мүмкін, шарасыздықпен келісу шығар. Десе де, дәл сол сәтте жанында жылы сөзін аямайтын, қолынан ұстап, қорқынышын сейілтетін жан керек.
Физикалық аурудан толық арылу мүмкін болмағанымен, ішкі жан азабын жеңілдетуге болады. Ал ішкі тыныштық – әркімнің өз таңдауы. Қоштасудың ауыртпалығын жеңілдету – тек медицина мен дәрігердің емес, жан мен жүрек тілін білетін, қасіретті үнсіз тыңдай алатын адамдардың да міндеті. Өлім доуласы – өмір мен өлім арасындағы өткелдің шетінде жанашырлықпен күтіп тұрған жан.
– Өліммен алғаш бетпе-бет келген кезіңіз есіңізде ме? Қай сәт сізді өзгертті?
– Бір туысымның өзіне-өзі қол жұмсауы менің өмірімді күрт өзгертті. Кенеттен өлім мен үшін абстрактілі ұғым емес, жанымды жаншыған шындыққа айналды. Суицид – тек бір адамның тағдыры емес, бүтін бір отбасының жарасы. Сол жараның дәл ортасында тұрдым. Дәл осы оқиға мені өлім доуласы болуға итермеледі.
Айтады ғой, «емдеймін» деген адам алдымен өз жарасын емдеуі керек деп. Мен де сол жолдан өттім. Әрбір клиентіммен бірге ішкі үнім тереңдей түсті, қайғыны қабылдауым өзгере берді. Себебі өлімді күту – жай ғана процесс емес, ол адамды өмірдің мәніне жақындатады.
– Өмірден өз еркімен кеткен жақынын жоқтап отырған жандарға не айтар едіңіз? Жан жарасын сәл де болса жеңілдететін қандай сөз табылар еді?
– Кінәлі сезіну – суицидтен кейін ең жиі кездесетін әрі ең ауыр жүк. Жақынын жоғалтқан жан өз-өзін іштей жеп, «неге байқамадым?», «неге көмектесе алмадым?» деп өзін айыптайды. Бұл – адам психикасының табиғи қорғаныс реакциясы. Көп жағдайда дін де бұл сезімді ауырлата түседі. Суицид туралы түсінік бізде әлі де күнә мен тыйымның көлеңкесінде. Ал шын мәнінде, суицид – ақталуды немесе айыптауды қажет ететін жағдай емес. Ол – адамның ішкі күйзелісінің, жан азабының шегіне жеткен көрінісі. Бұл таңдаумен келіскеніміз емес, бірақ біз кеткен жанның сол сәттегі болмысын, жағдайын, осындай шешімге не итермелегенін түсінуге тырысуымыз керек. Себебі қабылдау құрметтен басталады.
Кей елдерде психикалық азаптан шаршаған адамға эвтаназияға рұқсат беріледі. Бұл да адамның жеке шешіміне деген құрметтің бір көрінісі. Біздің қоғам үшін бұл әлі жат дүние шығар. Бірақ қайғыны қабылдау – адамның өзге жанды айыптамай, оның тағдырын жүрекпен ұғуға талпынысынан басталады.
– Ақтық сапар алдында адамның жаны жай табуы үшін не қажет? Қоштасудың шынайы, адамгершілік жолы қандай болуы керек?
– Бұл сәтте адамға ең керегі – жанындағылардың мейірімі мен тыныштық. Өлу процесі физикалық тұрғыда да оңай емес. Сондықтан біз туыстарына адамды қатты құшақтамауға, киімін жұмсақ табиғи матадан таңдауға, денесіне артық салмақ түсірмеуге кеңес береміз. Егер қоштасқысы келсе, алақанды оның алақанының астына қойып қана тигізуге болады. Өйткені адамға ол салмақ болып сезілмеуі керек. Әрине, біздің басты мақсатымыз – оның соңғы жылдарын, айларын, сағаттары мен минуттарын мүмкіндігінше жайлы әрі қолымыздан келгенінше – жарық әрі шуақты ету.
– Өлімнің ең ауыр түрі – бала өлімі деседі. Сіз осындай жағдайларға тап болдыңыз ба? Ондай қайғыны қабылдау мүмкін бе өзі?
– Бала өмірден озғанда, ата-ана баланың «болмаған өмірі» үшін күйзеледі – әлі айтылмаған сөздерге, орындалмаған армандарға, бірге көруі тиіс болашаққа қайғырады. Ол баланың күлкісі, мектепке баруы, есейіп, өз жолын табуы секілді келешектегі қуаныштарына жоқтау айтады. Ал ересек жан өмірден өткенде артта қалғандар бірге өткізген жылдарға, ортақ естеліктер мен өткен сәттерге мұңаяды. Қайғының сипаты әртүрлі көрінгенімен, табиғаты бір – адам жүрегінде орны толмас бос кеңістік қалды. Мұндай сәттерде сөз емес, жан тыныштығы, үнсіз жанашырлық пен шынайы жан жылуы маңыздырақ.
– Біз неге өлім туралы ашық сөйлесуден қашамыз? Бұл тақырып әлі де жабық күйінде қалып отырғаны неліктен? Үнсіздікті сақтай отырып, шын мәнінде нені жоғалтып жүрміз?
– Біз көбіне беймәлім дүниеден қорқамыз. Ал өлім – ең белгісіз, ең беймәлім құбылыс. Сондықтан да ол туралы сөз қозғамаймыз, айналып өтеміз. Кейбір діндер де бұл тақырыпты нақтыламай, тек жалпылама сипаттайды. Бірақ бір нәрсе ақиқат: өмірге келген әрбір жан – бір күні бұл дүниемен қоштасады. Алайда біз өлім жайлы үнсіз қалған сайын ішіміздегі үрей тереңдей түседі. Себебі айтылмаған қайғы іште тұнған күйі қорқынышқа айналады. Ал керісінше, адам өлім туралы ашық сөйлей алғанда, сол қорқыныштың беті ашылып, ол жеңілдей бастайды.
Жалпы, өлім жайлы ашық сөйлесудің өзі – жүректі жеңілдететін ерекше диалог. Себебі арғы жақта не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Бірақ бір анық дүние бар – бізді қорқытатын нәрсенің көбі өз санамызда ғана. Сол қорқынышпен бетпе-бет келіп, танып, сөйлесу арқылы оны жеңуге болады.
– Елімізде өмірінің соңғы кезеңіне аяқ басқан жандарға көрсетілетін паллиативтік көмектің қай тұстары көңіл көншітпейді? Ең басты кемшіліктері неде деп ойлайсыз?
– Шындықты мойындау керек: Қазақстанда паллиативтік көмек жүйесі әлі де әлсіз. Өлім аузындағы адамға тек дәрі емес, жылулық, қолдау, қамқорлық керек. Ал бізде ондай жандарға тірі күнінде-ақ қол бұлғап, «болды, кетті» деген көзқараспен қарайтындар көп. Бұл – жүрекке ауыр, тіпті әділетсіз жағдай.
Күйеуімнің өгей әкесі Швейцарияда хосписте қайтыс болды, ал туған әкесі – дәл сол кезеңде, Қазақстандағы паллиативтік мекемеде көз жұмды. Екеуінің соңғы күндері – екі түрлі әлем. Бірі – адамдық қадір сақталған, жан тыныштығымен өткен қоштасу болса, ал екіншісін жалғыздықта ұмыт қалған жанның үнсіз күтімі дер едім. Сол кезде мен біздің елдегі қарттарға, өлімге таяған адамдарға деген көзқарасымызды анық көрдім. Бізде қарттық – құрмет емес, көбіне қажетсіздікпен теңестіріледі.
Бұл жай ғана паллиативтік көмектің кемшілігі емес, бұл – қоғамның ескі жарасы, біз мойындағымыз келмейтін ауыр ақиқат.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ