Әсіресе, экстримді жаны сүйетіндер үшін бұл – нағыз сынақ алаңы. Алайда бұл сынақ кейде сәтсіз жағдайларға әкеліп соғады.
Жыл басынан бері 179 шақырту келіп түскен
Кейінгі уақытта саяхатшылар арасында таулы аймақтарда адасу оқиғалары жиілеген. Бірі құтқарушылардың көмегімен аман табылып жатса, енді бірінің сапары қайғылы жағдаймен аяқталған деректерді естіп те, көріп те жүрміз. Мамандар мұндай келеңсіз оқиғалар, әсіресе жастар арасында жиі кездесетінін және оған басты себеп – дайындықсыз сапар мен қауіптің алдын алмау екенін айтады.
Ресми статистикаға сүйенсек, биыл жыл басынан бері Алматы қаласының құтқару қызметіне таулы аймақтан 179 шақыру келіп түскен. Іздеу-құтқару операцияларының нәтижесінде 272 туриске көмек көрсетіліпті. Одан бөлек, осы жылы таулы аймақта 3 адам мерт болған. Мамандардың сөзінше, құтқару көмегіне жүгінушілер арасында ең көп шақырту Үлкен Алматы шатқалы, Аюсай, Ассы үстірті, Кіші Алматы, Бутаков шатқалы және Сол жақ Талғар аумағынан келіп түседі.
Адамдар бағытты алдын ала зерттей бермейді
Тау гиді, құтқарушы, альпинист Александр Голованов біршама жылдан бері альпинизммен айналысып келеді. Таудың қатаң заңын меңгеріп, шыңдарды бағындыруды мақсат тұтқан ол адасу фактілерінің көбеюін немқұрайдылық пен жеке бастың қауіпсіздігіне деген жауапкершілікпен байланыстырады.
– Қазір туристердің тауда адасуы – жиі болатын жағдайлардың бірі. Оған басты себеп – адамдар бағытты алдын ала зерттемейді, соқпақ жолдың қайда екенін білмейді. Қазір РОСО немесе құтқару қызметінің әлеуметтік желідегі парақшасын ашып қараңызызшы. Сіз олардың қашан да әлдекімді іздеумен болатынын байқайсыз. Тағы бір маңызды дүние, адамдар жақындарына қайда бара жатқанын алдын ала ескертіп кетпейді. Ол да жоғалған адамды іздеу уақытын айтарлықтай ұзартады. Сондықтан үнемі айтатыным, әркез таңдаған бағытыңызды зерттеңіз, бағдарды біліңіз. Офлайн-картаңыз болсын және қайда бара жатқаныңызды жақындарыңызға айтыңыз, – деді ол.
Құрал-сайманың түгел болсын
Тауға шыққан туристер назардан тыс қалдыратын тағы бір маңызды мәселе – қажетті керек-жарақ пен киім-кешектің болмауы. Кейбірі дорбасынан жолда қажет болып қалар деген азын-аулақ затына ғана орын берсе, бірі құбылмалы температураны ескермей, өзімен бірге қосымша киім алып шықпайды. Ауа райы кенеттен «қаһарын көрсеткен» жағдайда бұл адам өміріне үлкен қауіп төндіреді.
– Адамдар тауға барарда құдды Панфилов бойымен серуенге шыққандай киініп алады. Өзімен бірге аяқкиім, таяқша, ауа райы өзгерген уақытта киетін қосымша киім алып шықпайды. Ең бастысы, артық зат алмау және қажет заттарды ұмытпау. Жолда қиындық туғызатын тағы бір өзекті мәселе – ауа райына мән бермеу. Көбіне адамдар ауа райы болжамын қала ішінде болған уақытта қарайды да: «Бұлтты болса не болыпты, Алматыда күн ашық қой» деп ойлайды. Бірақ Көк Жайлауға барғанда нөсер жауынға тап болады. Ал олар жай ғана футболкамен шыққан. Ешқандай қорғаныс жоқ, телефоны да су және күші де сарқылған. Онымен қоса, кеды киіп шығатындары да бар. Бірақ кедымен таудан түсу денедегі жарақатқа әкелуі мүмкін. Тағы бір ескеретін қауіп – жорыққа жалғыз шығу. Кей жағдайда тауда жалғыз жүрген адамның тірі қалу ықтималдылығы төмен болады, – деді құтқарушы.
392 адам құтқарылған
2020 жылдан 2025 жылдың сәуір айына дейінгі аралықта Алматы мен Алматы облысында 438 оқиға тіркелді. Құтқарушылар тауда қауіп-қатермен бетпе-бет келген 619 адамға қол ұшын созған. Ал 2023 жылдан 2025 жылдың 15 сәуіріне дейінгі кезеңде 392 адам құтқарылса, олардың арасында 100-ге жуық бала болған.
– Шын мәнінде, сапардағы қауіп – кімнің жолы болатынына қарай. Не сен тәжірибе жинайсың, не құтқару статистикасының тізіміне енесің. Маңыздысы, оқиғадан сабақ алып, қорытынды жасай білу. Өкінішке қарай, статистикаға назар аударсақ, қайғылы оқиғалар азаяр емес. Ең көп таралған қателіктердің бірі – бағытты алдын ала зерттемеу. Тауға шығуды жаңадан бастап келе жатқандарға айтарым, оқыңыздар және оқыңыздар! Өзіңіз білмейтін ақпаратты сұраудан қорықпаңыздар. Міндетті түрде баратын жеріңіз туралы алдын ала ақпарат жинаңыздар. Сондай-ақ «мен бәрін білемін» деп ойлауға болмайды. Ең қауіпті адамдар – «бәрін білеміз» деп ойлайтындар. Тауға шығуды жеңіл нәрседен бастаңыз. Тәжірибесі мол достар табыңыз. Бағытты талқылайтын чаттарға, арнайы топтарға қосылыңыз, – деді тау гиді, альпинист А.Голованов.
Басты ереже – уақытында артқа шегіну
Бүгінде тауға шығуға құлшыныс танытушылардың артуына әлеуметтік медианың ықпалы зор. Алайда байқағанымыздай, желіде көздің жауын алар тау көрінісі бейнеленген қызықты контенттер кеңінен таралғанымен, дәл қауіпсіздік мәселесіне келгенде ақпараттық насихат тасада қалады. Осы ретте «Шымбұлақ» тау-курортының өкілдері жолға үнемі су, тамақ, дәрі-дәрмек қобдишасы, жылы киім мен шам алып шығуға, қайда бара жатқанын және қашан қайтатынын жақындарына ескертуге, ең бастысы, жағдай нашарласа, уақытты созбай, бірден үйге қайтуға кеңес береді.
– Тау – тек сұлулық пен тыныштық қана емес, нағыз жауапкершілік екенін ұғынуымыз тиіс. Тіпті, бір күндік жорықтың өзі үлкен дайындықты қажет етеді. Тауға шығуды жаңадан бастағандар ең жеңілінен, яғни соқпақтары бар және радиалды бағыттардан (бару-келу) бастаған жөн. Біз ұсынатын ең тиімді нұсқалар: Бутаков сарқырамасы, Қимасар шатқалындағы әткеншекке баратын бағыт. Тауда ауа райы тез құбылады. Егер қалада күн +25° шуақты болса, 2000 метр биікікте +10° және нөсер жаңбыр болуы әбден мүмкін. Әрқашан таудағы ауа райын бақылап отыру маңызды. Осыған қатысты ең сенімді ресурстар – RP5, Windy, Snow-Forecast. Ең басты ереже, өкінгенше, уақытында артқа шегінген дұрыс. Жаңбыр жауды ма, жолда шаршадыңыз ба, тізеңіз ауырды ма немесе өзіңізді ыңғайсыз сезіндіңіз бе? Бірден артқа қайтыңыз. Түйсік ешқашан алдамайды, егер ішіңізден бір дауыс кері қайтуға белгі берсе, демек сапарды тоқтатқан абзал, – деді «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының баспасөз қызметі.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы