Ел аумағында жарияланған төтенше жағдайға байланысты шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионаты жеңімпаз анықталмастан, мерзімінен бұрын тоқтатылды. Осыған орай, Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясы кеңсесінде хоккей клубтары басшыларының қатысуымен шұғыл отырыс өтті. Бұдан бұрын федерация басшылығы ел біріншілігін белгісіз мерзімге дейін шегеру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұған әлемді дендеген коронавирус дерті себеп болып отыр. Бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша ерлер командасы арасындағы ел чемпионаты ресми аяқталды.
– 2019-2020 жылғы ашық чемпионатты жеңімпаздың анықталуынсыз аяқтау туралы шешім қабылданды. Клубтардың бәріне ойыншылар, бапкерлер мен команда персоналдары алдында жалақылары бойынша барлық міндеттемені орындауға кеңес берілді, деп хабарлады федерация өкілі.Әйтсе де, чемпионаттың географиясын кеңейту жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, Қазақстан ашық чемпионатына 2020-2021 жылы Біріккен Араб Әмірлігі Абу-Дабидың бір бөлігі саналатын Әл Айн қаласынан өтінім түскенін мәлім етті. Қазіргі таңда осы мәселе қаралып жатыр.
М.ХАҚНАЗАР