Aikyn.kz көзілдіріксіз кітап оқуға, компьютерде жұмыс істеуге арналған көз тамшыларының ерекшеліктерін newatlas.com хабарламасына сүйеніп талдайды.
LENZ Therapeutics президенті және бас атқарушы директоры Эф Шиммельпеннинк:
«VIZZ-дің FDA тарапынан мақұлдануы – LENZ компаниясы үшін тарихи сәт. Әрі АҚШ-та 128 миллион ересек адамның жақыннан көру проблемаларын емдеудегі революциялық жетістік. Бұл маңызды кезең LENZ командасының, біздің серіктестеріміздің, клиникалық зерттеушілеріміздің және жүздеген қатысушылардың орасан зор еңбегінің нәтижесі», – дейді.
VIZZ ацеклидиннің көмегімен көз қарашығын жұмсақ тарылтады. Бұл фотоаппарат линзасының тарылуына ұқсас «пинхол эффектісін» тудырып, жақын нысандарды анық көруге мүмкіндік береді. Оның бұрынғы көз тамшыларынан айырмашылығы – бұл препарат көздің фокус жасайтын бұлшықетіне айтарлықтай әсер етпейді. Сондықтан алыстан көруді бұлдыратпайды және «зум» эффектісін (миопиялық ығысу) тудырмайды. Тамшылар көзілдіріксіз 10 сағатқа дейін кітап немесе мәтін оқуды жеңілдетеді. Бұрынғы емдеу әдістеріне ұқсамайды, жанама әсерлері жоқ.
2021 жылы бұл дертке арналған алғашқы көз тамшылары шығарылды. Бірақ VIZZ өз саласында көшбасшы деп саналады. Мысалы, Vuity (пилокарпин гидрохлориді 1,25%) да жақыннан көруге көмектескенімен қас маңындағы қысым сезімі немесе сирек кездесетін витреоретиналды бұзылыстар сияқты жанама әсерлерді тудырады. Ал ацеклидин көздің фокус жасайтын бұлшықетін айтарлықтай қоздырмай, «пинхол эффектісі» арқылы жақыннан көруді жақсартады және Vuity-де байқалатын жанама әсерлерді туғызбайды.
VIZZ клиникалық зерттеушісі, Аризона штаты Скоттсдейл қаласындағы Schwartz көруді лазерлік түзету орталығының дәрігері Марк Блуменштейн:
«FDA мақұлдауы – жақыннан көрудің жасқа байланысты нашарлауымен күресіп жүрген миллиондаған адамдар үшін революциялық өзгеріс. Мен бұл шешім офтальмологтар үшін де маңызды болады деп сенемін. Өйткені енді олар пациенттердің қажеттіліктеріне сай, тиімділігі жоғары және сұранысқа ие емді ұсына алады», – дейді.
Пресбиопия – қартаюмен байланысты, 45 жастан асқан адамдарда жиі кездесетін, жақыннан көрудің нашарлауына әкелетін, қайтымсыз процесс. Ол көрумен, оқумен байланысты қарапайым істерді қиындатады.
LENZ компаниясы VIZZ тамшылары 2025 жылдың төртінші тоқсанында нарыққа шығатынын және пресбиопияны емдеуге арналған, FDA мақұлдаған, ацеклидин негізіндегі жалғыз көз тамшылары екенін хабарлады. Эф Шиммельпеннинк:
«Бұл ерекше препарат жылдам және ұзақ әсер беруге арналған. Жоғары деңгейде сараланған өнім. Біз дәлелдегеніміздей, бұл тек өз класындағы ең үздік емес, сонымен қатар қарашықты сақтай отырып әсер ететін таңдамалы миотиктердің бірегей өкілі», – деп мәлімдеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.