9 миллиард теңгеден астам сомаға электр энергиясын заңсыз сату схемасы анықталды

Жалпы, қолды болған электр энергиясының көлемі 50 мегаватт-сағаттан асады.

Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті ҰҚКД-мен бірлесіп 9 млрд теңгеден астам сомаға электр энергиясын заңсыз сату фактісі әшкереленді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, майнинг кәсіпорындарына электр энергиясын сату тек бірыңғай мемлекеттік сатып алушы арқылы және 1 мегаватт-сағаттан аспайтын көлемде ғана жүзеге асырылуы тиіс.

Алайда бірқатар энергиямен жабдықтаушы компаниялар екі жыл қатарынан халыққа, әлеуметтік нысандар мен стратегиялық маңызы бар кәсіпорындарға арналған электр энергиясымен майнинг кәсіпорындарын заңсыз түрде қамтамасыз етіп келген.

Жалпы, қолды болған электр энергиясының көлемі 50 мегаватт-сағаттан асады. Бұл – 50-70 мың халқы бар қаланың энергия тұтынуымен тең көрсеткіш.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушы елордадан 2 пәтер және 4 автокөлік сатып алған. Олар мүмкін болатын тәркілеу мақсатында сот санкциясымен бұғатталды.

Тергеп-тексеру жалғасуда.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.