Төмен пайызбен жеңілдетілген шағын несиелер ауыл тұрғындарына бизнес ашуға, жаңа жұмыс орындарын құруға ғана емес, ауылдағы өмірді жақсартуға мүмкіндік береді.
Мысалы, Новоузенка ауылының фермері Қайрат Әбиев ірі қара мал өсірумен айналысады, ол несие алып, трактор сатып алды. Оның айтуынша, бұрын жиі бұзылатын ескі техникамен жұмыс істеуге тура келген. «Жаңа трактор «Мерседес» сияқты», – дейді ол. Бүгінде Қайрат Әбиевтің шаруа қожалығында 140-қа жуық ірі қара мал бар, олардың жайылымы мен мал сою алаңы бар. Фермер мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Үштөбе ауылында екі кәсіпкер Азамат Амантайұлы мен Жасұлан Смағұлов ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрып, мемлекеттен қолдау алып, жылыжай салуда. Қолға алған іс қазірдің өзінде аяқталып қалды. Олар көкөністерді жыл бойы өсіріп, қолжетімді бағамен, қосымша логистикалық шығындарсыз сатуға ниетті. «Жазда да, қыста да өнім жинаймыз», – дейді Жасұлан Смағұлов.
Үштөбе ауылында сүт шағын зауыты да жұмыс істей бастады. Жабдықтар «Даму» қорының қолдауының арқасында сатып алынған. Зауыт сүзбе, май және ірімшік шығарады. Бірақ ассортиментті кеңейту жоспарлануда.
Бұқар жырау ауданының Белағаш ауылында алғаш рет шина жөндеу шеберханасы ашылды. Бұл – ауыл тұрғындары үшін бұрын-соңды болмаған қызмет түрі. Жобаның авторы – 47 жастағы Ерболат Молдабеков. Бұрын ветеринар болып еңбек еткен ол көптен бері көкейінде жүрген кәсібін «Ауыл аманаты» бағдарламасының көмегімен жүзеге асырды. «Ауыл аманаты» – ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға, табысын арттыруға және шағын бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Ерболат осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, жаңа бағытта кәсібін бастады.
– Жас кезімде қаладағы шиномонтажда жұмыс істеп, аздап тәжірибе жинағанмын. Өз ісімді ашу көптен бергі арманым еді. Бірақ қаражат жағынан мүмкіндік болмады. Бағдарлама туралы ести сала құжаттарды дайындап, өтінім бердім. Барлық рәсім тез әрі қиындықсыз өтті. Ауыл әкімдігі мен мамандар көп көмектесті – қай құжат керек, қалай рәсімдеу керек, бәрін түсіндіріп отырды. Ең бастысы – нақты жоспарың мен ниетің болу керек, – дейді кәсіпкер.
Ерболат Молдабеков 2,8 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, қажет құрал-жабдықтарды сатып алды. Несие 5 жыл мерзімге, жылдық 2,5% мөлшерлемемен берілген. Төлем тоқсан сайын жүргізіледі. Алынған қаражатқа шеберхана үшін көтергіш, компрессор, домкрат, дөңгелек бөлшектеу және балансировка станоктары, қосалқы бөлшектер сатып алынған. Қазір Ерболат шеберханасын өз ауласындағы гаражда жүргізіп отыр. Мұнда шиналарды маусымдық ауыстыру, май құю, жүріс бөлігіне техникалық қызмет көрсету, дөңгелектерді шешіп-қондыру және балансқа келтіру сынды қызметтердің толық кешені көрсетіледі. Жақын болашақта кәсіпкер кәсібін кеңейтуді көздейді. Ол несиесін мерзімінен бұрын өтеп, жаңа несие арқылы жеке шеберхана салып, дәнекерлеу және сырлау құралдарын алып, қозғалтқыш пен беріліс қораптарын жөндеу, сырлау жұмыстарын да қолға алмақ. Қазір Ерболат шеберханада жалғыз жұмыс істейді. Алайда оған әрдайым екі ұлы – 10 және 8 жастағы балалары көмектесіп жүреді. Олар әкесінің жанынан табылып, құралдарын ұсынып, алғашқы еңбек дағдыларын бойына сіңіріп келеді.
Белағаш ауылы аудан орталығынан 50 шақырым қашықта орналасқан. Ерболат ашқан шеберхана – тек ауылдағы емес, бүкіл округтегі алғашқы шиномонтаж. Кәсіпкердің айтуынша, ауыл тұрғындары үшін бұл өте қолайлы.
– Бұрын қарапайым қызметтің өзін аудан орталығынан іздеуге мәжбүр болатынбыз. Қазір жұрт осы жерден-ақ көлігін жөндеп, дөңгелек ауыстырып кетіп жатыр. Әсіресе, көктем мен күзде жұмыс қызады. Бұл мені шабыттандырады. Қол қусырып отыруға болмайды, аз да болса тәжірибең болса, соған сүйеніп әрекет ету керек. Қалғаны уақыттың еншісінде, – дейді Ерболат Молдабеков.
Қазірдің өзінде оның қызметіне көрші ауылдардан да сұраныс бар. Белағаш ауылдық округінің әкімі Амангелді Күпеновтің айтуынша, Ерболаттың жобасы – ауылда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асқан үш жобаның бірі.
– Жалпы алғанда, ауыл тұрғындарынан жеті өтінім қабылданды. Соның ішінде екеуі мал шаруашылығына бағытталған. Біз белсенді азаматтарды әрдайым қолдауға әзірміз. Осындай жобалар ауылда да табысты кәсіп бастауға болатынын көрсетіп отыр, – дейді әкім.
Айта кету керек, «Ауыл аманаты» 2023 жылы іске қосылды, осы уақыт ішінде Қарағанды облысында 5,6 млрд теңгеге 670-тен астам жеңілдетілген шағын несие берілді. Мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Бұқар жырау ауданында 128 жоба жүзеге асырылды. Ең белсенділері – Ботақара, Үштөбе және Ростов ауылының тұрғындары. Бұқар жырау, Ақтоғай және Қарқаралы аудандарында ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту «бір ауыл – бір өнім» моделі бойынша жүргізілуде.
Биыл облыста «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 300-ге жуық жобаны қолдау жоспарлануда.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысы