Дженнифер Лопестің концертінен аш қайтқан жастар араша сұрады

Әнші Дженнифер Лопес Қазақстанға алғаш рет келді. Астана мен Алматыда концерті өтті.

Дженнифер Лопестің Алматыдағы концертінен кейін стадионды тазалаған жастардың шағымынан кейін бұл іске балалар омбудсмені Динара Зәкиева араласты. Бұл туралы  Aikyn.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап, хабарлайды. 

Өткен жексенбіде Дженнифер Лопестің концертінен кейін еріктілердің біразы аш жүрдік, қара суды да жарытып бермеді деп шағымданған. 

Еріктілер аптап ыстықта тынбай жұмыс істеген. Бір сәт демалуға мүмкіндік бермеді. Тіпті концерт біткен соң стадионды жинатып қойды деп шағымданды. Кәмелетке толмаған еріктілердің арызына балалар омбудсмені жауап қатты. 

«Барлық мән-жайды зерделеу және тиісті шараларды қабылдау үшін Балалардың құқықтарын қорғау комитеті және уәкілетті органдарға өтініш жолдадым», – дейді Динара Зәкиева. 

Ал «Волонтерлердің жедел штабы» мұндай шағымды жоққа шығарып әлек. «Тамақпен де, сумен де толық қамтамасыз еттік» деп әлеуметтік желідегі ресми парақшасына жазды. Олардың айтуынша, ешкімді жұмысқа мәжбүрлемеген. 300 еріктіні таңдау да ашық жүргізіліпті. 

Волонтерлердің жедел штабы: «Іс-шараны ұйымдастыруға көмек көрсету үшін ашық іріктеу жарияланды. Оған 6 мыңнан астам адам өтініш берген. Нәтижесінде, 300 адам таңдап алынды. Концертке бір апта қалғанда волонтерлерге нұсқау беріп, жұмыс шарттарымен таныстырылды. Концерт күні еріктілерді шараның серіктесі, танымал кафе желісі тамақпен және сусынмен қамтамасыз етті. Концерттен кейінгі аумақты тазалауға көмектесу тек ерікті түрде болды», – деп ресми жауап берді. 

Бұған дейін  Дженнифер Лопеске кілем сыйлаған қазақ қызы туралы жазған болатынбыз.