Қазақтың күй өнері – ұлттың рухани жады мен тарихи тәжірибесін ғасырлар бойы сақтап жеткізген ерекше құбылыс. Осы өнердің XX ғасырдағы дамуы мен сақталуына өлшеусіз үлес қосқан саңлақтардың бірі – Қали Жантілеуов. Ол тек орындаушы ғана емес, күйшілік дәстүрдің асыл арнасын үзбей, болашақ ұрпаққа жеткізуші шежіреші іспетті тұлға, екі буынды байланыстырған көпір болды.
Қали Жантілеуовтің шығармашылығы қазақтың күйшілік өнеріндегі Құрманғазы мектебінің көрнекті жалғасы ретінде ерекше маңызға ие. Оның орындауындағы күйлер ұлттық мәдениеттің көркемдік өлшемін айқындап, тыңдаушыға әрі тарихи, әрі эстетикалық әсер сыйлады. ХХ ғасырдағы қоғамдық өзгерістер, радио мен концерттік сахнаның дамуы, халық өнерін жазба таспаға түсіру ісінің кеңеюі, бәрі де Қали Жантілеуовтің өнерін халыққа кеңінен таратуға мүмкіндік берді. Осы мақалада Қали Жантілеуовтің өмірі мен шығармашылық жолы, орындаушылық мәнері, репертуары және күйшілік дәстүрді жаңғыртудағы рөлі қарастырылады.
Күйші Қали отбасымен бірге. Фотоны ұсынған Жанна Жантілеуова
Қали Жантілеуов (1902-1993 жж.) қазіргі Батыс Қазақстан облысының аумағында дүниеге келген. Балалық шағы қазақтың дәстүрлі ортасында, күй мен жыр қасында өтті. Сол кезеңдегі ауыл өмірінде домбыра үні күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігі болғандықтан, Қалидың музыкаға бейімі ерте байқалды.
Оның алғашқы ұстазы – алыс-жақын тумалас ағайындары болған екен. Олар жас Қалиды Құрманғазы, Дәулеткерей, Түркеш, Байжұма сияқты ұлы күйшілердің мұрасымен таныстырады. Балалық шағында Қали Жантілеуов досы Оқап Қабиғожинмен бірге Дина мен Мәменнің күй тартысын көріп, біржолата күйге бет бұрады. Мәменнің жанын жағалап, біраз күйін үйреніп алған деседі. 1930 жылдары ел ішінде аты шығып, 1934 жылы өткен Қазақстандағы өнер шеберлерінің бірінші байқауында «Адай» күйін шебер орындап, тыңдарман мен қазыларды тәнті етті. Осы сәттен бастап Қали Жантілеуовтің кәсіби домбырашылық жолы басталып, ол қазақ күй өнерінің алдыңғы қатарлы шеберлерінің біріне айналды.
Қали дәстүрлі музыкалық өнер майталмандарының арасында. Фотоны ұсынған Жанна Жантілеуова
Қали Жантілеуов – Құрманғазы күйшілік мектебіндегі ең көрнектілерінің бірі. Ол тартқан күйлер өзіне тән екпінді, қайсар, жігерлі күй мәнерімен ерекшеленеді. Қ.Жантілеуов ұстаздарынан естіген әрбір күйді түпнұсқалық болмысынан айнытпай орындауға тырысты, сонымен қатар өзінің орындаушылық сезімталдығын да қосты.
Қалидың көзін көргендер, қолынан күй алғандар көп емес. Соның бірі – Айтжан Тоқтаған.
“Біз Қалекеңнің шәкірттерінің біріміз. Мен, Қаршыға, Шәміл үшеуміз шамамыз келгенше қолынан күй үйреніп қалдық. Оны бізге айтқан сол кездегі консерватория ректоры Ғазиза Ахметқызы Жұбанова. Бір күні бізді шақырып алып, “Қали күйшіден мейлінше көп үйреніп қалыңдар” деп тапсырма берген. Сол күннен кейде біз оның үйіне барып, кейде оны консерваторияға алдырып жүретінбіз”, – дейді профессор Айтжан Тоқтаған.
Күйтанушылардың айтуынша, Қали Жантілеуовтің техникасы айқын, саусақтарының шапшаң қозғалысы мен пернедегі дәлдігі әр орындауда бірдей жоғары деңгейде сақталатын. Ол қалың тыңдаушыға да, кәсіби музыканттарға да бірдей әсер қалдыратын екпін мен ырғақтық нақтылықты ұстай білді. Әсіресе, қалың қағысты, қос ішекті қатар дыбыстауды шебер пайдаланып, Құрманғазы күйлеріндегі батырлық рухты анық жеткіз білген бірегей күйші. Бірде Шәміл Әбілтайдан Қали жайлы сұрағанымызда келесідей жауап берген еді.
“Біздің күй тартқанымыз Қалиға келеді дейді. Солай шығар. Шамамыз келгенше күйді алып қалуға тарыстық. Өзі көп сөйлемейтін. Бір тартқанымыз дұрыс болмаса, домбырасын қайта алып көрсетіп жіберетін”, – деген еді Шәміл күйші.
Қали Жантілеуовтің репертуары қазақ күй өнерінің алтын қорын қамтыды. Ол ең алдымен Құрманғазының «Адай» мен “Ақбай”, Дәулеткерейдің “Жігер” мен “Топан” сияқты күрделі әрі шоқтығы биік көптеген күйлерін жеткізуші ретінде танылды.
Қали Жантілеуовтің орындаушылық мәнері бір мезгілде әрі техникалық шеберлікке, әрі терең көркемдік сезімге негізделді. Қалиды өз көзімен көріп, өз құлағымен тыңдағандар “ол күйдің құрылымдық өзегін дәл сақтай отырып, әр шығарманы өз жүрегінен өткізіп, тыңдаушыға эмоциялық әсерімен жеткізеді” дейді. Әсіресе, күйдің жылдамдығын таңдауда күйдің мазмұнына толық сәйкес келетін қарқындылықты ұстай білген. Қаһармандық күйлерде екпінді, серпінді ырғақты алдыңғы орынға қойса, лирикалық шығармаларда дыбыстың жұмсақтығы мен әуеннің нәзік өрілуін басты назарда ұстады. Штрих (қағыс) қолданудағы шеберлігі – оның басты ерекшеліктерінің бірі. Ол мығым қағысты батыл әрі анық қолданса, жеңіл штрихтарда дыбыстың таза әрі биязы шығуын қадағалады. Әсіресе, күй барысында кездесетін акценттерді (кенеттен шегелеп жіберу) қою тәсілі арқылы Қалекең күйдің драматургиясын айқындап, тыңдаушының назарын маңызды әуендік түйіндерге аудартты.
1969 жылғы консерватория түлектері. Қали Жантілеуов ұстаз ретінде. Фотоны ұсынған Жанна Жантілеуова
Қали Жантілеуов – қазақ күй өнерінің XX ғасырдағы ең ірі өкілдерінің бірі әрі бірегейі. Оның өмірлік миссиясы тек сахнада өнер көрсету емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан күйшілік дәстүрді сақтап, оны болашаққа жеткізу болды. Құрманғазы мектебінің шынайы мұрагері ретінде ол орындаған әр күй түпнұсқалық мәнін жоғалтпай, тыңдаушыға әсерлі әрі айқын жетті.
Күйшілік дәстүрдің мәдени мұра ретіндегі маңызы Қали Жантілеуов өнерінен айқын көрінеді. Оның жеткізген күйлері – қазақ халқының тарихи жадын сақтаушы, рухани әлемін танытушы асыл қазына. Бүгінде оның репертуары мен мәнері жаңа буын домбырашылар үшін мектеп әрі шабыт көзі болып қала бермек.
Мақаламызды Қали Жантілеуовтің өзі шығарған өлең жолдарымен аяқтауды жөн көрдік. Бұл өлеңді күйшінің немересі Жанна Жантілеуова ұсынды.
Қызықтап ойнап жүріппін,
Домбыраны бесімде.
Үйге келген күйшілер
Домбыра шерткен есімде.
Жеті жастан қалған жоқ,
Домбырам менің қасымнан.
Серісімде қой бақтым,
Еңбек істеп жасымнан.
Өлеңде айтты бір кезде,
Домбыра шертіп елімде.
Орал атты кең дала
Өзім туған жерімде.
Ұстазым менің өз жұртым,
Өмірден алған өнерім.
Сондықтан да жастарға,
Менің борышым беремін.
Бірден бірге қалады,
Бұрынғы жазған сызықтар.
Ән мен күйді тыңдапты
Ел боп оны қызықтар.
Болыс, биді мақтауды,
Ар көрдім мен бойыма.
Жеті жаста орнады
Күй толқыны ойыма.
Осы күйдің соңында,
Жарты ғасыр өткіздім.
Артыма менің қалсын деп,
Жастарыма жеткіздім.