Ақмола даласындағы берекелі науқан

Қазақ даласында күздің алғашқы лебімен бірге диқандардың қызу еңбегі де басталады. Бұл – тек кезекті егін жинау науқаны ғана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, миллиондаған адамның тұрмыс-тіршілігіне тікелей әсер ететін стратегиялық аса маңызды кезең.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым Жолдауларында ауыл шаруашылығын қолдаудың, техникалық және қаржылық қамтамасыз етудің, сондай-ақ салада тұрақты әрі тиімді даму тетіктерін қалыптастырудың маңызын ерекше атап келеді. Елдің ең басты астықты аймағы – Ақмола облысында биыл да бұл бағытта нақты тапсырмалар беріліп, жүйелі шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өткен жөн...

Қарқын мен сапа қатар

Соңғы жедел деректерге сүйенсек, еліміздің 12 өңірінде егін жинау нау­қаны басталып, қарқынды түрде жүріліп жатыр. Бүгінде 1,1 млн гектардан астық жиналып, 1,6 млн тоннадан астам өнім бастырылған. Сондай-ақ 17,4 мың тонна майлы дақылдар, 363,5 мың тон­на картоп, 1,3 млн тонна көкөніс және 1,6 млн тонна бақша дақылдары қамба­ға құйылды деген ақпарат тарады. Не­гіз­гі жиын-терім науқаны тамыздың үшінші онкүндігінен бастап бүкіл ел бойынша кең көлемде жүргізіледі деп жоспарланған.

Бұл жұмыстардың табысты болуы, ең алдымен, шаруаларды дер кезінде қажетті техникамен, жанармаймен және қаржылық қолдаумен қамтамасыз етуге тікелей байланысты екені сөзсіз. Биыл егін жинауға 139 мың трактор, 31 мың астық комбайны, 17 мың шапқыш және 130 мың басқа да техника жұмыл­дыр­ылмақ. Қазір олардың жалпы дай­ын­дық деңгейі – 93 пайыз.

Диқандарға жеңілдетілген бағамен литрі 254 теңгеден 402 мың тонна ди­зель отыны да бөлінгені мәлім болды. Бұл – нарықтағы бағадан 18-20 пайызға арзан.

Фермерлерге қаржылық демеу

Құзырлы министрлік мәліметінше, биыл көктемгі және күзгі дала жұмыс­тарына жеңілдетілген қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғай­тылған. Бұл қаражат фермерлерге жыл­дық небәрі 5 пайыздық мөлшерлемемен беріліп отыр. Қаржыландыру алты бағыт бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамы, екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, өңірлік инвестициялық орталықтар, кредиттік серіктестіктер және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циялар шаруаларға несиелік бағдарла­маларын ұсынған.

Былтыр Мемлекет басшысының тап­сырмасымен алғаш рет егін егу мен жинау жұмыстарына ерте қаржылан­дыру тетігі енгізілген еді. Биыл өтінім­дер былтырғы 29 қарашадан бастап қабылданған. Нәтижесінде, 500 млрд теңгеге жуық қаржы сұратылған 7 543 өтінім түссе, оның ішінде 490,1 млрд тең­ге сомасына 7 485 ауыл шаруашы­лығы тауарын өндіруші қаржыландыр­ылғаны анықталды. Бұл – 7,8 млн гектар егістік алқапты қамтып отыр.

Сонымен қатар «Даму» қоры кепіл­дік беру бағдарламасын іске асырып, кепіл мүлкі жеткіліксіз шаруаларға несие сомасының 85 пайызына дейін ке­піл­дік берген. Осы арқылы 1 304 ке­пілдік рәсімделіп, жалпы көлемі 226,1 млрд теңге қаржы қолжетімді болғанын атап өткен жөн.

Отандық агросаланың алдыңғы шебіндегі аймақ

Еліміздің астық қорындағы ең басым үлес Ақмола облысына тиесілі. Биыл мұнда ауыл шаруашылығы жұмыстарын үйлестірудің жаңа форматы енгізілді. Агрономиялық кеңес құрылып, тұқым сапасы мен агротехнологияларды сақ­тау қатаң бақылауда алынған. 

Өңірде егіс алқаптарын әртарап­тан­дыру бойынша да айтарлықтай ілгерілеу бар. Жаздық егістің жалпы көлемі бү­гінде 5,3 млн гектарға жетіп жығылған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 128 мың гектарға артық. Бидай алқабы кезең-кезеңімен қысқартылып (4 млн гектардан 3,8 млн гектарға дейін), май­лы дақылдар 226,8 мың гектарға дейін кеңейтіліп отыр.

Көпжылдық шөптер мен жемшөп дақылдарының көлемі 18,3 мың гек­тарға өсіп, 336,6 мың гектарға жетті. Бұл – мал шаруашылығын сапалы азықпен қамтамасыз етудің маңызды алғышарты десек қателеспейміз.

Құзырлы сала органдарының дере­гінше, облысқа 336 мың тонна минерал­ды тыңайтқыш енгізу жоспарланған, бұл өткен маусымнан 78 мың тоннаға артық. Қосымша мемлекеттік резервтен 12 млрд теңге бөлініп, жоспардың тол­ық орындалуына жағдай жасалған.

Жаңа егінді сақтау мәселесіне де айрықша көңіл бөлінгенін атап кеткен жөн. Ақмолада жалпы сыйымдылығы 4,3 млн тонна болатын 66 лицензия­ланған астық қабылдау кәсіпорны және 2,9 млн тонна сыйымдылықтағы 1,5 мыңнан астам қойма жұмыс істеп ке­ле­ді. Сағатына 9,7 мың тонна кептіретін 264 астық кептіргіші іске қосылып, тәулігіне 235 мың тонна астық кептіруге мүмкіндік береді.

Қазір егін жинауға 7 мыңнан астам комбайн дайын тұр, оның ішінде 4,8 мыңы – жоғары өнімді заманауи мо­дель­дер болса, сонымен қатар 2,7 мың орақ және 4,8 мың жүк көлігі іске қос­ыл­мақ.

Қазір облыс бойынша 1,275 млн тонна шөп (жоспардың 96,5 пайызы) және 99,3 мың тонна пішен (жоспардың 38,2 пайызы) жиналған. Жалпы жем­шөп қоры 3,171 млн тонна көлемінде дайындалады. Бұл – қыста малдың толық әрі сапалы азықпен қамтамасыз етілуіне кепілдік бермек.

Биыл Ақмола облысының агроөнер­кәсіптік кешеніне 233,5 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Оның 63,3 млрд теңгесі – қайтарымсыз субси­диялар. Жеңілдетілген несиелер мен форвардтық сатып алуларға 170 млрд теңге бөлініп, «Кең Дала», «Кең Дала-2» және «Ауыл аманаты» бағдарламалары арқылы жүздеген фермер қаржылан­дырылған.

Президенттің техника паркінің жыл сайын 8-10 пайызға жаңаруын қамтама­сыз ету тапсырмасы да табанды орын­далу­да. Жыл басынан бері өңір шаруа­лары 39,8 млрд теңгеден астам қаржыға 1 115 бірлік техника сатып алды. Бұл былтырғыдан 1,4 есе көп.

Ақмола облысында да, жалпы ел көлемінде де Мемлекет басшысының Жолдауларында шегелеп тапсырған міндеттері нақты іс жүзінде орындалып жатыр. Қаржылық демеу, техникамен және жанармаймен қамту, егіс алқап­тар­ын әртараптандыру, заманауи сақтау инфрақұрылымы – мұның бәрі биылғы жиын-терімнің сапалы әрі уақытында өтуіне мүмкіндік береді. Егін – елдің ырысы, ал оны жинау – мемлекеттің тұрақтылығы мен халқымыздың бере­ке­сінің кепілі болмақ...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы