Цифрлық штабтың шешімімен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялаудың кешенді жоспары, сондай-ақ жасанды интеллект деректер массивтерімен жұмыс істеу регламенті және оны жүзеге асыру жоспары бекітілді. Smart Data Ukimet бойынша мемлекеттік деректерді біріктіру бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімдері анықталды. Жаңа хэштеу әдісін қолданатын интеграция биылғы жылдың 1 қыркүйегінде аяқталуы керек, ал барлық деректер осы жылдың 1 желтоқсанына дейін платформаға берілуі керек. Сонымен қатар биылғы 15 қыркүйекке дейін мемлекеттік органдар қызметкерлерінің AITU ұлттық мессенджеріне көшуі міндеттелді.
Премьер-министр қабылданған құжаттарды сапалы әрі уақытылы іске асырудың маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналуы тиіс деген мақсатты алға қойып отыр. Нақты міндеттер белгіленді. Бүгінде Цифрлық штаб барлық мемлекеттік орган мен ұйымдар үшін міндетті шешімдер қабылдады. Нәтиже ақпараттық қауіпсіздікті жақ-сартуға және мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға бағытталған», – деді Олжас Бектенов.