Президент тапсырмасымен Абай облысы Үржар ауданында жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен балаларға көмектесуге медицина мамандары барды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Абай облысы Үржар ауданында жол-көлік оқиғасының салдарынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік авиациясының ұшағымен құрамында реаниматолог, нейрохирург және травматолог бар медициналық бригада ұшты», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, 19 тамыз күні сағат 16:00 шамасында Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota маркалы автокөлікті басқарған 55 жастағы жүргізуші басқару тізгінін игере алмай, үй қақпасының алдында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған кәмелетке толмаған балаларды қаққан.
Оқиға салдарынан екі бала оқиға орнында қаза тапты. Біреуі медициналық мекемеге барар жолда көз жұмды. Тағы үш кәмелетке толмаған жасөспірім түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
«Жүргізуші ұсталып, Үржар ауданының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Медициналық сараптама оның жол апаты кезінде есірткі мен ішімдік қолданбағанын көрсетті. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс жүргізіп жатыр. Қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу амалдары атқарылып жатыр», – деп хабарлады Абай облысы ПД Үржар ауданының полиция бөлімі.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.