Елордада жасөспірімдерді пайдаланып, қоғамдық орында заңсыз ақша жинау деректері анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Астананың автобустарында жәшік көтеріп жүретін балалар 3 қорға 340 миллион теңге жинап берген.
Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен саябақтарда, ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық көліктерде және көшелерде рейдтер жүргізілді.
"Барлығы 8 кәмелетке толмаған (2008-2010 ж.т.) жасөспірім анықталды. Олармен ешқандай шарт жасалмастан, 3 қайырымдылық қоры оларды волонтер ретінде тартқан (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабы 3-бөлігін бұзу). Аталған қорлар «қайырымдылық» деген желеумен өзге мақсаттарға шамамен 340 млн теңге жинаған", – делінген ақпаратта.
Аталған дерек бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша) қылмыстық іс қозғалды.
Іс аясында кәмелетке толмағандарды заңсыз әрекетке тартқаны үшін қордың лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне бөлек құқықтық баға берілетін болады.
Ал ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті еске салады: кәмелетке толмағандардың кез келген қызметі, оның ішінде волонтерлік, Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында ғана жүзеге асырылуы тиіс.
«Волонтерлік қызмет туралы» заңға сәйкес:
* волонтер бола алатын тұлға – 18 жасқа толған азамат;
* 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар волонтерлікпен тек олардың денсаулығына, біліміне және дамуына зиян келтірмейтін жағдайда ғана айналыса алады;
* 16 жасқа дейінгі балаларға ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімі қажет.
Кәмелетке толмағандардың еңбегі Еңбек кодексімен реттеледі. Жұмыс беруші еңбек шартын міндетті түрде жасасуы тиіс, бұған бағынбаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал балаларды заңмен тыйым салынған жұмыс түрлеріне тарту қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 132-бабына сәйкес кәмелетке толмағандарды құқыққа қарсы әрекеттерге тартуға тыйым салынады. 2024 жылы осы бап бойынша 23 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген.
Комитет ұйымдастырушылар мен жұмыс берушілерді балалардың қауіпсіздігін, денсаулығы мен құқықтарын қамтамасыз ету үшін заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады.