Жаңа оқу жылы қарсаңында мейірімге бөленген оқушылар қатарында дағдарыс орталығының тәрбиеленушілері, Мойылды ауылындағы аз қамтылған отбасылардың балалары, сондай-ақ партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне жүгінген мұқтаж отбасылардың балалары бар.
Мектепке қажет құрал-жабдықтарды балалардың өздері таңдап алуына мүмкіндік жасалды. Әр оқушыға классикалық және спорттық үлгідегі аяқ киім, сондай-ақ кеңсе тауарлары толған сөмке табысталды.
Іс-шара аясында балалар түрлі сый-сияпатқа ие болып қана қоймай, ерекше мерекелік көңіл-күйге бөленді. Оларға тәтті тағамдар ұсынылып, ойындар мен сайыстар ұйымдастырылды.
«Балаларды мектепке дайындауға көмектесу – бұл жай ғана материалдық қолдау емес, олардың болашағына жасалған инвестиция. Әр балақай жаңа оқу жылын жақсы көңіл-күймен қарсы алуға тиіс», – деді Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асылбек Туғанбай.
Өз кезегінде, қалалық мәслихат депутаты, партия фракциясының мүшесі Мадина Мұзапарова да осынау игі істің маңызына тоқталды.
«Мен ел жастарының ертеңіне бей-жай қарамайтын кәсіпкерлерді, көмек қолын созуға мүмкіндігі бар азаматтарды акция аясында жақсылық жасауға шақырамын. Осындай игі іс арқылы бүлдіршіндерге жаңа оқу жылына қажет заттармен қатар, мейірім мен қамқорлық сыйлай аламыз», – деді ол.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Баланы мектепке дайындайық!» акциясы тамыз айының соңына дейін жалғасып, еліміздің барлық өңірін қамтиды.
Елнар ЕЛТАЙ