Көкпардан чемпионат өтіп жатыр

Алматы облысында көкпардан ХІІІ Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. 14 команда қатысатын бәсекенің жүлде қоры – 8 млн теңге. Жарыс қорытындысы 23 тамызда белгілі болады.

Дүбірлі додаға Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қара­ғанды, Қостанай, Ұлытау, Жетісу облыстарынан 2008-2010 жылы туған жасөспірімдерден жиналған командалар жиналды.

– Көкпарға қатысу үшін темір білек қана емес, батыл жүрек те керек. Қазақтың әр баласы батыр. Көкпаршы шахматшы да, боксшы да, ғалым да бола алады. Қаншама чемпиондар осы көкпардан шыққан. Алдағы уақытта халық сүйіп тамашалайтын бұл ойынды клубтық бағытта дамыту жоспарымыз бар. Біз командалық көкпарды жоғарғы деңгейге шы­ғар­ғымыз келеді. Бұл осы спорттың даму­ы­на үлес қосып жүрген әр жас­өспірім үшін де үлкен мүмкіндік болмақ, – деді Көкпар федерациясы президенті Айдарбек Қожаназаров.

Талғар ауданында өтіп жатқан сай­ыс­тың жүлде қоры – 8 250 000 теңге: Жең­ім­паз командалардан бөлек, «Үздік шабуылшы ат», «Үздік қорғаушы ат», «Үздік жекпе-жек ат», «Үздік ой­ын­шы» номинацияларының жеңім­паз­дары қаржылай сыйлыққа ие болады.

Чемпионатты Алматы облысының әкімідігі қолдауымен Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен Көкпар федерациясы ұйымдастырды. Жобаның мақсаты – жасөспірімдерді көкпарға баулу.

Асыл ТҰМАР