Заңсыз ақша жинатқан

Елордада жасөспірімдерді пайдаланып, қоғамдық орындарда заңсыз ақша жинау жағдайы тіркелді. 

Астана қаласының прокуратурасы саябақтарда, ойын-сауық орталықтарында, қоғамдық көліктерде және көшелерде рейд жүргізді.

– Барлығы 8 кәмелетке толмаған (2008–2010 жылдары туған) жасөспірім анық­талды. Оларды үш қайырымдылық қоры ешқандай шарт жасамай, волонтер ретінде тартқан (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабының 3-бөлігін бұзу). Аталған қорлар «қайырымдылық» деген желеумен шамамен 340 млн теңге қар­жы жинаған, – деген ақпарат алдық.

Қазір аталған факті бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша) қылмыстық іс қозғалды.

– Кәмелет жасына толмаған балаларды заңсыз әрекетке тартқаны үшін қор бас­шыларының іс-әрекетіне бөлек құқықтық баға беріледі. Осы орайда кәмелетке тол­мағандарды құқықбұзушылыққа тарту қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін тү­сіндіреміз (Қылмыстық кодекстің 132-бабы). Одан бөлек, Еңбек кодексінің 31-бабында кәмелетке толмағандарға ерекше еңбек шарттары қарастырылған (16 жас­тан бастап еңбек шарты міндетті түрде жасалуы тиіс, ал 14 жастан бастап заңды өкі­лінің келісімімен ғана рәсімделеді), – делінген хабарламада.

Сондай-ақ қалалық прокуратура аталған талаптарды бұзған жұмыс берушілер Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 86-бабы бойынша жауапкершілікке тар­тылатынын хабарлап отыр.

– Қайырымдылық қорлары мен ата-аналар балалардың заңсыз әрекеттерге қа­тысуына жол бермеу үшін олардың жұмысына, соның ішінде волонтерлік және бас­қа да іс-шараларға қатысқанда мұқият болуға шақырамыз, – деп ескертеді ве­домство.

Мейір ЖАСЫН