Ел ертеңін айқындаған басқосу

Республика бойынша ұстаздардың бас жиыны – Тамыз конференциясы «Білім келешегі: адал азамат-кәсіби маман» тақырыбында өтті.

Астана қаласында өткен жиынға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, білім саласы мемлекет дамуының стратегиялық өзегі екенін білдірді.

Жиында Мемлекет басшысы білім сапасын дамытуға серпін беретін бес жолды атап өтті. Оның біріншісі – білім сапасын жақсарту. Ғылым мен білім, технология жылдам өзгеріп жатқан уақытта ұстаздар қауымы өзгеріске ілесе алуы керек. Әрине, ол үшін әрдайым ізденіп, біліміңді жетілдіріп, озық тә­жіри­бені меңгеріп, әдіс-тәсілді қол­дануың қажет. Бірақ озық тәжірибені қаз қалпында көшіріп алып, оны ұлттық болмысқа бейімдемей қолдануға бол­май­тынын да Президент ескертті. 

Екінші мәселе – білім мен тәрбиенің қатар жүруі. Тәрбие болған жерде білім озады. Сондықтан білім мен тәрбиені ұш­тастыру маңызды. Конференцияда жаңа оқу жылынан бастап «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы жүзеге асыры­латыны айтылды. Бұл бағдарла­маны мектептермен қоса педагог маман­дар даярлайтын жоғары оқу орындары да тәрбие ісінде пайдаланатын болады. 

Үшінші басымдық – өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау. Бұл тұста Президент нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды зиянды әдет­тер­мен күресуде мұғалімдердің рөлін ай­рық­ша атап өтті. Мектеп әр бала үшін қау­іпсіз жер болу керек екенін баса айтты. 

Білім сапасын арттыруға серпін бере­тін төртінші жол – білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу қажеттігі. Бұл тұр­ғыда Мемлекет басшысы: «Біздің мін­детіміз – жаһандық үрдістерге бейімделу. Ол үшін білім беру жүйесіндегі цифрлық трансформацияның қарқынын үдету өте маңызды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні игеру білім саласындағы теңсіздікті еңсеріп, оқу сапасын айтар­лықтай арттыруға үлес қосады», – деді. Соңғы жылдары жасанды интеллектінің игілігін көріп жүрміз. Өмірдің қай сала­сында болсын кез келген істі жасанды интеллектінің көмегімен жеңілдетуге болады. Осы мақсатта жоғары оқу орын­дарында студенттерге ЖИ оқытуға көп көңіл бөліп отырмыз. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы педагог беделін арттыру міндеті әрдайым өзекті екенін жеткізді. Осы орайда «Педа­гог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет деп санайтынын айтты. 

Қорытындылай келсек, биылғы Тамыз конференциясы білімнің бағытын айқындап қана қоймай, ұстаздың қоғам­дағы орнын тағы бір мәрте биіктетті. Мұғалім – енді жай ғана сабақ үйретуші емес, ұлттың болашағын қалыптас­тыра­тын, әр баланың жүрегіне жарық түсіре­тін тұлға. Ал мемлекеттің ең үлкен пары­зы – сол ұстаздың еңбегін бағалап, мерейін асыру.

Ермек БӨРІБАЕВ,

І.Жансүгіров атындағы 

Жетісу университетінің 

басқарма-төрағасы, ректоры