Ұлттық мәртебе – университетке артылған сенім

Қарағанды қаласындағы Бөкетов атындағы университет бұдан бұрын зерттеу атағына ие болса, бір апта бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы­мен Ұлттық мәртебесін алды.

Осы қуанышты хабарды университет ұжымына салтанатты түрде жеткізу мақсатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов және депутаттар келді.

Жиын барысында  Қарағанды облы­сының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев: 

–  Сіздерді маңызды тарихи оқиға­мен – «Ұлттық университет» мәртебе­сі­нің берілуімен шын жүректен құттықтай­мын! Облыс әкімдігі де жергілікті өз қамқорлығын көрсетуде. Алда бас кор­пусты да орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жұмысы атқарылмақ», – деп атап өтті.

Сонымен қатар Президент Жарлы­ғы­ның зор мәртебе, әрі университет ұжымына деген сенім екенін министр Саясат Нұрбек өз сөзінде айтып өтті.

– Бұл шешім – университеттің жетістіктері мен ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесінің, ұстаздардың, ғалымдардың, қызметкерлер мен түлек­тердің еңбегінің мойындалуы. Мұндай жоғары мәртебеге қол жеткізу Президент Қ.Тоқаевтың аймақтарды дамытуға, соның ішінде еліміздің білім беру әлеуе­тін нығайтуға ерекше мән беретін мақ­сат­ты мемлекеттік саясатының арқа­сын­да мүмкін болды, – деді ол.

Айта кету керек, Бөкетов атындағы зерттеу университеті өңірлік жоғары оқу орындары ішінде Ұлттық мәртебеге ие болған алғашқы оқу орны.

– Символдық мәні зор жайт – «Ұлт­тық университет» мәртебесін біз универ­ситеттің тұңғыш ректоры, көрнекті ғалым, академик Евней Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан жылы иелендік. Евней Арыстанұлы ғылыми мектептің негізін қалап, уни­вер­ситеттің рөлін тек Қарағанды облы­сында  емес, ел көлемінде нығайтты.

Өзінің ұзақ та жарқын тарихында университет әрдайым отандық үздік көпсалалы жоғары оқу орындарының қатарынан орын алып келеді. 2024 жылы университеттің зерттеу университеті мәр­тебесін алуы – басты жетістік­тері­міздің бірі. Бакалавриат, магистратура және докторантураның білім беру бағ­дарламалары ұлттық және халықаралық рейтингтерде жүлделі орындарға ие. 2015 жылдан бері университет QS World University Rankings әлемдік рейтингінің үздік 1 000 жоғары оқу орнының қа­тары­на, QS Asia рейтингінің үздік 200 уни­верситетінің қатарына және Орталық Азияның үздік 10 университетінің қа­тары­на енді. Webometrics халықаралық рейтингінде универ­ситет Қазақстандағы жоғары оқу орын­дары арасында үздік ондыққа кіреді.

Қазір университетте бакалавриат бойынша – 99, магистратура бойынша – 66, PhD докторантурасы бойынша 19 білім беру бағдарламасы бар, олардың ішінде 12-сі – инновациялық бағдар­ла­малар. 12 факультетте 14 мыңнан астам студент, магистрант және докторант білім алуда. Сондай-ақ шетелдің әртүрлі елінен келген жүздеген шетелдік студент те осы білім ордасында оқиды, – деп атап өтті басқарма төрағасы –  Ректор, ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбеков.

Университет оқытушылары 196 рет «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағын ие­ленді, 39 мемлекеттік ғылыми стипен­дияның, 66-сы жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияның лау­реаты атанды. Білім беру, ғылыми және материалдық-техникалық базамыз өзекті ғылыми зерттеулер жүргізуге және заманауи білім беру технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.

– Бүгінде біз Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары стандарт­тарына сай, университеттердің жаһан­дық білім беру кеңістігіне сенімді түрде кірігуін қолдап, бағыттап отырған қа­дам­дарына ілесе отырып, маңызды қа­дам жасаудамыз. Университеттің даму қарқыны бізге болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.

Біздің табысымыздың кепілі – дәс­түрден инновацияға көшу, үздіксіз білім мен іргелі білім беруді қамтамасыз ету, халықаралық сапа стандарттарын ұстану, жаңа білім беру технологияларын енгізу және әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыру, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов те өзінің осы университетте оқығанын, ұстаздық қызмет атқарғанын құрметпен атап өтті.

– Бұл – көптен күткен қуанышты жаңалық. Себебі 1991 жылға дейін Қа­зақ­станда  екі ғана университет деңгей­індегі жоғары оқу орны болды: ҚазМУ және КарМУ (қазіргі Бөкетов атындағы Қарағанды университеті). Бұл факт Кар­МУ-дың сол кездегі де, бүгінгі де деңгейі мен әлеуетін айқын көрсетеді. Ол әлеует әлі күнге дейін бар және жаңа деңгейге көтерілуге дайын. Жаңа мәртебе – бұл  университеттің жетістіктерін мойындау ғана емес, сонымен қатар ғылым, білім және кәсіби даму үшін жаңа мүмкін­дік­тердің бастауы. Сонымен қатар ұлттық мәртебе алған университеттің бюджеті де көбейеді. Осының арқасында  ұстаз­дардың еңбекақысы көбейіп, универ­си­теттің материалдық-техникалық базасы жақсарады, – деп атап өтті Асхат Ай­мағамбетов.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы