«AMANAT»: Тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамның дамуын тежейді

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Әйелдер қанатының жұмыс бағыттары Ақсукенттегі «Ардақты Ана» музейінде өткен келелі жиында талқыланды.

Облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөрееваның жетекшілігімен өткен жиынға ақ жаулықты әжелер, ақылман аналар, іскерлік беделі бар арулар, кәсіби шеберлігімен ел құрметіне бөленген қыз-келіншектер, азаматтық қоғамның қозғаушы қуатына айналған нәзік жандылар қатысты.

Жиынның мән маңызына тоқталған Қалыйма Жантөреқызы, қоғамдағы теңдік қағидаты отбасындағы теңдік құндылығымен өлшенетінін жеткізді. Қазақ ер азаматты шаңырақтың иесі деп санаса, әйелді отбасының алтын қазығы деп құрметтейтінін айтты. Қай қоғамда болса да отбасы мемлекеттің негізгі бөлшегі деп саналатынын, дамуға бастайтын басты қозғаушы күш деп байыпталатынын мәлімдеді. Отбасының әлеуметтік жағдайы, тыныштығы, берекесі мен ұрпаққа берер тәрбиесі қоғам алдындағы негізгі мәселенің бірі ретінде қарастырылатынын айтып, осы мәселелер төңірегінде ой бөлісуге шақырды.

 «Өкінішке қарай, бүгінгі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі ең өзекті мәселеге айналып келеді. Әйелдің табиғаты әлсіз. Түк істемеді дегеннің өзінде ер адам жай ғана қол жұмсай алады. Ал ол әйелдің жанын жаралап, еңсесін басатынын ескермейміз. Өмірге көзқарасын өзгертіп, арманынан айырады. Қыздарымыздың ішкі жан дүниесі алай-дүлей болып, өмірге ұмтылысы, махаббаты, сезімі өшеді. Бұл да әйелдің қоғамдағы, отбасындағы орнын төмендету деп білуіміз қажет. Қазір бұл бағытта жаңа заң нормалары қабылданды, кейбір құқықбұзушылықтардың түрлері бойынша жазалау шаралары күшейтілді. Партиямыздың жанынан құрылған Әйелдер қанаты 10 бағыт бойынша қызмет атқарады. Соның бір тармағы – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы халықтың түсінігін өзгерту. Сондай-ақ қыз-келіншектердің құқықтарын қалпына келтіруде заң нормаларына сараптамалық баға береміз. Әйелдердің ғылымдағы рөлін күшейтуге басымдық берілген. Белсенді қыз-келіншектерді тәрбиелеуде әйелдердің бизнестегі бастамаларына қолдау көрсету қарастырылған. Отбасы құндылықтарын ілгерілету, ұрпақ тәрбиесі мәселелері де үнемі назарымызда болады», – деді Қалыйма Жантөреқызы. 

Кездесуде оған қатысушылар «Қошқаратадағы қыз» деректі фильмін тамашалап, қыз бала тәрбиесі, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабы, бүлінген тағдырды, өшкен үмітті, күйреген арманды баяндайтын көркем туындымен танысты. Ой қорытып, зорлық-зомбылықтың құрбаны бастан кешетін ауыр қасіреттің тереңіне үңілді. Мұндай келеңсіздік қоғамның дамуын тежейтін зұлымдық деп бағаланып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жұртшылық болып қарсы тұрудың маңызын ұқты. 

Жиын барысында өмірдің әртүрлі аспектілерінде әйелдер құқықтарын қорғау, инклюзивті қоғам құру, саламатты ұрпақ тәрбиелеу, отбасы тәрбиесінің өнегесі, ерте жүктіліктің қыз бала үшін психологиялық ауыртпалығы, жасөспірімдердің өтпелі кезеңіне дайындық, отбасылық жоспарлаудың маңызы жан-жақты қаралды. Сондай-ақ «Балаңа уақыт арна!» акциясының маңызы түсіндіріліп, балалар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, баланың психологиялық дайындығына баса мән беру мәселелері сөз болды.

Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы