Жамбыл облысында жаңа өңірлік «Мерке» мемлекеттік табиғи паркі құрылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сәйкес. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулысы қабылданды. Парк ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесін алып, 86 632 гектарды қамтитын Батыс Тянь-Шаньның тау етегі мен таулы аймақтарындағы бірегей экожүйелерді қорғауға бағытталған.
Парк мемлекеттік органдардың, ғылыми мекемелердің, жергілікті қауымдастықтардың және БҰҰ Даму бағдарламасы халықаралық серіктестердің көпжылдық бірлескен еңбегінің нәтижесінде бой көтерді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, Мерке мемлекеттік өңірлік табиғи паркі – табиғи ресурстарды ұтымды басқару мен экожүйелерді сақтау жолындағы маңызды қадам.
Парк экотуризмді дамытуға, экологиялық білім беруге және халықты тұрақты табиғат пайдалану ісіне кеңінен тартуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ғылыми-танымдық бағдарламаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.