Он төрт жылға созылған соғыстың тарихынан сыр шертетін көрме ашылды

Фотокөрмеге 14 жылға созылған соғыстың тарихынан сыр шертетін жалпы саны 125 құнды тарихи сурет қойылған.

Астанадағы әскери-тарихи музейде Қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыстағы жеңісі мен екінші дүниежүзілік антифашистік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлттық тәуелсіздік пен әлемдегі бейбітшілік үшін» атты фотокөрменің ашылу салтанаты өтті, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мәдени шараны Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі бірлесіп ұйымдастырды.

Көрменің ашылу салтанатына ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Хань Чуньлин және Қазақстан Қорғаныс университетінің башысы, генерал-майор Асқар Мұстабеков қатысты.

Елші Хань Чуньлин фотокөрменің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде фашизмге қарсы күресте Қытай халқы маңызды рөл атқарғанын атап өтті.

– Қытай Коммунистік партиясының басшылығымен Қытай әлемде алғашқылардың бірі болып фашизмге қарсы соғыс бастады. 14 жылға созылған ауыр шайқастардан соң бүкіл халықтың қаһармандық күресі арқылы ұлы Жеңіске қол жеткізді, - деді Елші.

Фотокөрмеге 14 жылға созылған соғыстың тарихынан сыр шертетін жалпы саны 125 құнды тарихи сурет қойылған. 

«Бұл – екінші дүниежүзілік соғыстағы жапон милитаристеріне қарсы Қытай халқының көрсеткен ерлігі. Екінші дүниежүзілік соғыстың нүктесін қойған осы Қиыр Шығыстағы соғыс деп айтуға болады. Қиыр Шығыстағы соғысқа сол кездегі Кеңес Одағының Қызыл армиясы қатарында Қазақстан азаматтары да қатысып, үлкен ерлік көрсетті. Осылайша, екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына үлес қосты. Бүгінгі көрменің тарихи мәнімен қатар, тәрбиелік маңызы да зор», - деп атап өтті Асқар Мұстабеков.