«Баланы мектепке дайындайық!»: Шығыста 1500-ден астам балаға көмек көрсетіледі

«AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысында дәстүрлі «Баланы мектепке дайындайық!» акциясы өтуде.

Акцияның мақсаты – әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасылардың балаларына жаңа оқу жылына дайындыққа қолдау көрсету.

«Күн сайын аймақтық және аумақтық филиалдарда балаларға мектеп сөмкелері мен оқу құралдары табысталуда. Бүгінгі күнге дейін 800-ден астам бала көмек алды. Жалпы, акция аясында 1500-ден астам оқушыны мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», – дейді «AMANAT» партиясы ШҚО филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Аманбай Нұркенов.

Бұл игі іске барлық деңгейдегі депутаттар, бастауыш партия ұйымдары, кәсіпкерлер мен өңірдің ірі кәсіпорындары атсалысуда.

«Жаңа оқу жылы – әр бала үшін ерекше қуаныш пен жаңа бастамалардың кезеңі. Ал біздің міндетіміз – сол қуаныштың еселенуіне үлес қосу. Бұл акцияға депутаттар мен меценаттар белсенді қатысып, өңірдің көптеген отбасына нақты көмек көрсетуде. Осындай игі бастамалар арқылы біз қоғамда мейірім мен қамқорлықты күшейте түсеміз» – дейді ШҚО мәслихатының депутаты Дмитрий Сомов.

Аталған акция тамыз айының соңына дейін жалғасатын болады. Осы кезеңде «AMANAT» партиясының облыстық және аумақтық филиалдары балаларға  оқуға қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмкелерді табыстайды. Бірлік пен жанашырлыққа негізделген бұл игі шара – партияның әлеуметтік әділетті қоғам құруға бағытталған нақты қадамдарының бірі болып табылады.