«Ағасы мен қарындасы далада түнеген»: Атыраудағы жантүршігерлік жағдайға қатысты деректер пайда болды

Анасы бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, полиция оны «қолайсыз» ретінде тіркеген.

Атырауда қалалық пабликтерде жасөспірімнің картонның үстінде далада ұйықтап жатқан суреті тарады. Оның жанында үш жасар қарындасы болған. Halyqstan Telegram арнасының мәліметінше, балалар көбіне көшеде түнеп келген, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты mgorod.kz сайтына сілтеме жасап.

Үйге тек ағасы мас ересектерге бірнеше тал темекі тауып әкелгенде ғана кіргізген.

Бұл отбасы бұрыннан бақылауда тұрған. Анасы бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, полиция оны «қолайсыз» ретінде тіркеген. Алкогольден уланғаннан кейін әйел өздігінен жүре алмай қалғанымен, ішімдікті жалғастыра берген.

2024 жылдың көктемінде Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия оны ата-ана құқығынан айыруды ұсынды, білім бөлімі сотқа талап-арыз түсірді. Алайда тамызда Атырау облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «негіз жеткіліксіз» деп шешім шығарып, балаларды анасымен қалдырды.

Жуырда көршілердің жариялаған суреттерінен кейін жағдай қайтадан қоғам назарын аударды: жасөспірім тағы да далада картон үстінде ұйықтап жатқан. Осыдан кейін ювеналды полиция араласып, ұл бала Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, ал қарындасы Балалар үйіне жіберілді.

Ресми түрде сот «отбасыны сақтап қалды» деп көрсеткенімен, шын мәнінде балаларды өз үйіне кіру үшін темекімен «төлеуге» мәжбүрлейтін ортаға қайта итермелегені белгілі болды.