Ұлан Қонысбаев «Қайрат» бапкерінің шешімін сынға алды

Себебі матчтың соңғы секундтарында Дастан Сәтпаев сары қағаз алды.

Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Ұлан Қонысбаев Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі «Селтикке» қарсы кездесуде «Қайрат» клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтиннің шешімін қатты сынға алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

«Уразбахтин мырзаны құрметтеймін әрі кәсібилігін жоғары бағалаймын, бірақ ол кісі, Дастан Сәтпаевтың ескертуі барын біле тұра, ойынның соңғы минуттарында командадағы үздік футболшылардың бірін ауыстырмады. Енді ол тарихи маңызы бар қарымта матчта ұжымға көмектесе алмайды. Мұндайға жол беруге болмайды!» – деп жазды Қонысбаев Instagram желісіндегі сторисінде.

Еске сала кетейік, алғашқы ойын Глазгода өтіп, «Селтик» пен «Қайрат» 0:0 есебімен тең аяқталған еді. Матчтың соңғы секундтарында Дастан Сәтпаев сары қағаз алды. Бұл оның Чемпиондар лигасындағы үшінші ескертуі болғандықтан, ол алдағы кездесуге қатыса алмайды.

Қазақстан мен Шотландия чемпиондарының қарымта ойыны 26 тамызда Алматыда өтеді.