Ақтөбе абат қалаға айналады

Ақтөбе қаласы еліміздің ірі мәдени, білім-ғылым және өнеркәсібі дамыған аймақтардың қатарынан саналады. Бір жарым ғасыр­дан артық уақыт тари­хы бар шаһардың бола­шақта мегаполиске айналу мүмкіндігі зор. Бүгінде қала шежіресі жаңа да жарқын парақтармен толығып, замана көшімен үндесе, өсіп-өркендеп келеді.

Былтыр Ақтөбе қаласының 2050 жылға дейінгі даму жоспары бекітілді. Ұзақмерзімді даму жос­парымен қатар, қаланы дамытудың 2023-2026 жылдарға арналған Кешенді жоспары аясында көпте­ген игі жұмыстар атқарылып жа­тыр. Жақында облыс әкімі Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының даму перспективалары, қалалық ортаны жаңғырту мен жақсартуға арналған кешенді мәселелерге қатысты жиын өткізді.

Жиында қаланың инфра­құ­рылымын дамыту, қоғамдық ке­ңістіктерді абаттандыру және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ экологияны жақсарту, көлік қолжетімділігін арттыру және бизнес пен инвестиция үшін қолайлы орта қалыптастыру ба­ғытындағы жоба-жоспарлар жү­зеге асу барысы қаралды. Асхат Шахаровтың алдында есеп берген қала әкімі Азамат Бекет өз баян­дамасында қаланың дамуы және қолға алынған ірі жобалардың іске асу бағыты туралы айтты. Қала әкімі алдымен қаланың инженер­лік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне айырықша тоқталды. Қаладағы коммуналдық тұрғын үй құрылысын жаңғырту және жа­ңарту, инженерлік коммуника­ция­лар саласында су, газ және электр желілерін тарту мен кеңейту, жол және асфаль төсеу, автомобиль жолдарын қайта жаңарту, көпір құрылыс секілді өзекті мәселе­лер­дің тиісті жобалар мен жоспарға сай атқарылу барысын талқылады.

– Жоспарланған жобаларды кешенді іске асыру қаланың абат­тандыру деңгейін айтарлықтай арттырып, тұрғындар үшін жайлы жағдай жасайды. Ақтөбе қарқынды дамуда, біз бұл жұмысты қаламыз­дың болашағы үшін жалғасты­ра­мыз, – деді Азамат Бекет. 

Қоршаған орта тазалығы – абыройлы міндет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақ­стан» жалпыұлттық бастамасы аясында Ақтөбе қаласының эко­логиялық ахуалын жақсарту, қор­шаған ортаның сапасы арттыру және қала көшелерін абаттан­дыру мәселелері үнемі назарда. 

«AMANAT» партиясы қолға алған «Таза бейсенбі» ауқымды эколо­гиялық акциясы Ақтөбе өңірінің түкпір-түкпірінде лайықты жал­ға­сын та­буда. Апта сайын партия­лас­тар, бел­сенділер, волонтерлер және қор­шаған ортаның жай-кү­йіне бей-жай қарамайтын аза­мат­тар қоғамдық орындарды, ес­керт­кіш айналасын, су айдындары мен сая­бақтарды тазалайды.

Мәселен, ресми ақпаратқа сәй­кес, 2025 жылдың алғашқы же­ті айында облыс бойынша 330-дан астам экологиялық іс-шара ұйым­дастырылып, 9000-ға жуық жастың қатысуымен 10 мыңнан астам қап қоқыс шығарылған. Мысалы, «Ақ­төбе» су қоймасы жағалауында об­лыстық жастар ресурстық орта­лы­ғының ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» республикалық эколо­гиялық акциясы аясында өңір жастарының қатысуымен тазалық жұмыстары жүргізіліп, оған отызға жуық ерікті мен «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары жұмыл­дырылды.

«Ақтөбе» су қоймасы маңын­дағы жағалауды тазалау жұмысына екінші жыл қатарынан келіп жа­тырмыз. Өкінішке қарай, қоқыс көлемі азаймай отыр. Сондықтан қала тұрғындарын қоршаған ор­таға жауапкершілікпен қарап, та­залықты бірге сақтауға шақырамыз. Табиғатты аялау – әрқай­сымыздың ортақ мін­детіміз, – деді облыстық Жастар ресурс­тық ор­талығы басшысының орын­басары Заманай Қайнарұлы.

Шара барысында қатысу­шы­ларға арнайы қаптар мен құрал-жабдықтар таратылып, бірнеше сағат бойы жағалауға жиналған қалдықтар тазартылған. Нәтиже­сін­де, 50-ге жуық қап қоқыс жи­на­лып, арнайы орындарға жеткізілді.

Жалпы алғанда, «Таза Қазақ­стан» республикалық акция Ақ­төбе қаласын, қала маңы және облыс аумағын қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтардан тазарту жұмысы жыл он екі ай үздіксіз жүргізілумен қатар, «Таза жағалау», «Ардагерлерді ардақтайық», «Таза бейсенбі», «Мөлдір бұлақ», «Ұр­пақтар сабақтастығы» секілді өзге де экологиялық бағыттағы баста­малар тұрақты түрде жүзеге асы­рылып келеді. Атап айтар болсақ, шілде айында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық ак­циясы аясында ұйымдастырылған JASYL CROSS-2025 экологиялық плоггингіне 300-ге жуық адам қа­тысып, акцияға үлес қосты. Плог­гинг – жыл сайын өтетін дәстүрлі шара. Шара барысында табиғат жанашырлары топқа бөлініп, қо­қыс жинап жарысады. Талап – 40 минут ішінде қоқыс қаптарын тол­тыру. Атқарылған жұмысты ба­ғалап, қорытындысын шығаратын арнайы комиссия құрылған. Оның құрамында облыстық жастар сая­саты мәселелері басқармасы­ның басшысы Әлімбек Тұралиев, «Атамекен» жастар қоғамдық бір­лестігі және «Жасыл ел» жастар ең­бек жасақтарының төрағасы Нұржан Шаңғытбаев бар.

– Плоггингке «Жасыл ел» ең­бек жасақтарының бірлесе қаты­суы өзара байланысты, достықты нығайта түседі. Меніңше, адамдар демалуға жиі баратын орындар көбірек ластанады. Ал бұл аумақта бөтелкелердің көп екенін бай­қа­дым. Бәріміз бірлесе осы аумақта ша­шылып жатқан қоқысты жи­надық, – дейді М.Сембаева.

Тек қана осы плоггингке қа­тысушылар бір мезетте 10 тоннаға жуық қоқыс жинап, қоршаған орта тазалығына зор үлес қосқанын ерекше атап айтуға болады.

Астаналық стандарт енгізіледі

Ендігі кезекте Ақтөбені аста­налық стандарт негізінде абаттан­дыру ісі қолға алынатын болды. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында Астана қала­сының Урбанистика орталығының мамандары 7 тамызда Ақтөбеге іс­сапармен барды. Сапардың мақсаты – жергілікті тәжірибені зерттеу, жүзеге асырылып жатқан жобаларды бағалау және қалалық ортаны жүйелі түрде жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бұл іс – елор­далық табысты тәжірибелерді өңірлерде кеңінен енгізуге ба­ғытталған.

Астаналық мамандармен бірге Ақтөбе облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев, Ақтөбе қала­сының әкімі Азамат Бекет қаланың ескі және жаңа бөліктерін жаяу аралады. Олар аланың Шернияз, Алтынсарин, Ахтанов, Ломоносов көшелері, Әбілқайыр хан, Бейбіт­шілік, Тәуелсіздік даңғылдары, Есет батыр және Алтын Орда ша­ғын аудандары, саябақтар мен сквер­леріне барып, қаланың эко­ло­гиялық жағдаймен танысты. Қа­ланы аралау кезінде өңір бас­шысы атқарылып жатқан жұмыс­тардың сапасы және бизнес өкіл­дерінің қалалық инфрақұры­лымды түрлендірудегі рөліне назар аударды. 

– Қаланың сыртқы келбеті — бұл жай ғана эстетика емес, бұл өз кеңістігіңе деген қарым-қаты­нас­тың көрінісі. Бізге фасадтар, жар­намалар, абаттандыру элементтері бойынша нақты стандарттар қа­жет. Тек осылай ғана біз визуалды тәртіп пен заманауи атмосфераға қол жеткіземіз.

Біз қазір қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру ба­­ғытында бос жатқан жерлерді за­ма­науи үлгіде абаттандыруға ­ты­­ры­сып жатырмыз. Біздің жұмы­­сы­мызға жанашыр кәсіпкерлер мен ірі кәсіпорындар да үлес қосып жатыр. Қазір демеушілердің қолдауымен 13 скверді жаңадан салу және ескілерін жаңалау жұ­мыстарын жүргізудеміз. Жұмы­сымызды көрсетіп, тәжірибе ­ал­ма­су мақсатында Астанадан Ур­ба­нистика орталығының ма­мандарын шақырдық. Мамандар қалалық орта қалыптастыруға ба­ғытталған тың ұсыныстарын беріп жатыр, – деді қала әкімі Азамат Бекет.

Астана Урбанистика орталы­ғының мамандары Ақтөбелік әріп­тестеріне кәсіби әдістемелік қол­дау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ Ақтөбеде бе­йімдеуге болатын бірқатар нақты ұсыныстармен бөлісті. Олар ланд­шафттық мастер-жоспар, қала бренді және көгалдандыру тұжы­рымдамасы секілді нақты үш не­гізгі құжатты енгізу туралы ұсыныс білдірді.

– Біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбеге келіп, жергілікті тәжірибені зерттеп, үздік тәжіри­белерді ұсынғымыз келеді. Әкім­діктің ұстанымы көңіл қуантады: бос жатқан жерлерде скверлер мен қоғамдық кеңістіктер пайда болу­да. Бұл – дұрыс бағыт және біз оны қолдауға дайынбыз, – деді Астана қаласы Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен. 

Кездесу барысында астананың табысты тәжірибелері де айтылды. Мысалы, Астанада құрылыс ком­паниялары нысанды пайдалануға берген соң, аумақты абаттандыруға жауапты, олар аулаларды асфальт­тайды, ағаш егеді. Мамандар Ас­танадағы секілді Ақтөбеде де ірі ағаштар егу керектігін және оның қалалық экожүйе үшін тиімділігі жөніндегі тәжірибелер туралы айтты. Сонымен қатар фасадтар, жарнамалар мен шағын архитек­туралық формаларға арналған ди­зайн-код әзірлеуді, рұқсатсыз ор­натылған жарнамалар мен ви­зуалды тұрғыдан агрессивті эле­менттерді жоюды, сондай-ақ қала сәулетіне келмейтін ашық түсті шешімдерден бас тартуды ұсынды. Екі жақты талқылау нәтижесінде астаналық мамандар тарапынан ұсынылған шешімдерді іске асы­руда жергілікті билік әдістемелік және кәсіби қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.

Қоршаған ортаның тазалығы – ортақ абырой. Сондықтан қала не­месе облыс басшылығы ғана емес, барша тұрғындар қоршаған ортаны таза ұстауға, табиғатты аялай білуге, бір кісідей тазалыққа жұмылуға тиіс. Тазалық пен тәр­тіптен басталатын жауапкершілік елге, Отанға деген сүйіспеншіліктің айқын белгісі десек артық емес. 

Ал Ақтөбе өңірінің әлеуеті, дамуға деген ұмтылысы мен жаңа бастамалар болашақта қаланың аймақтық ғана емес, ұлттық дең­гей­дегі маңызын арттыра түсетіні сөзсіз.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ