Шотландияның бетке ұстар «Селтик» командасы Қазақстанға осымен 4-ші рет ат басын тірейін деп жатыр. Иә, Селтик қанша рет келсе де, әр келуін жеңіспен тойлап кететін әдеті бар. Элиталық лигаға шығуымыз үшін дәл осы Селтик біздің сорымыз да, бағымыз да болайын деп тұр. Жасыл-ақ жолақтылар ең алғаш Қазақстанға 2013 жылы табан тіреген еді. Ол уақытта дүркіреп тұрған қарағандылық «Шахтер» плей-офф кезеңде өз алаңында шотландиялықтарды 2:0 есебімен жеңіп, сенсация жасап еді. Міне, сол кездегі бағымыз оңынан туып тұрғандай көрінді. Бірақ шешуші Глазгодағы қарымта матчта интрига соңғы секундтарға дейін өмір сүргенімен, Джеймс Форрест голы «Селтикті» алға алып шығады. Солай есеп 3:2 есебімен аяқталып, үйімізге жыларман халде қайтқан едік. Одан кейінгі кездесу 2016 жылы тіркелді. «Астана» өз алаңында 1:1 есебімен ойнағанымен, тағы да Шотландияда бәрі соңғы минуттарда қайта шешілді. Бұл жолы 90-минутта Мусса Дембеленің голы «Селтикке» жолдама алып берді. «Селтиктің» соңғы сапары 2017 жылы болды. Бұл жолғы сапар біздің құрама үшін мүлде сәтсіз нәтижемен аяқталды. «Астана» сырт алаңда 0:5 есебімен ойсырай жеңіледі. Жігіттеріміз өз алаңындағы ойында 4:3 есебін тіркесе де, келесі кезеңге шыға алмаған едік.
Тең тарқасқан ойын
Матчтың өзіне келер болсақ, көп жанкүйер жасыл-ақ жолақтылар «Қайратты» қорғанысқа басып тастайды деп ойлады. Себебі бұл Селтик былтыр чемпиондар лигасында ойнаған. Ойнап қана қоймай, немістің даңқты «Бавариясына» сес көрсетіп, жолы болмаса да біраз жақсы ойын көрсеткен еді. Көпшілік азар болса 3 не 4 голды қақпамызға жіберіп, тағдырымызды бірінші матчта шешіп кетеді деп күткендей болды. Алайда матч басталған бетте бұл үрей мүлде сейіліп кетті. «Қайрат» «Селтикпен» бұрын ойнап жүрген ескі достай өте сауатты ойнап шықты десек болады. Себебі алғашқы минуттардан бастап қысқа шабуылдар арқылы комбинацияға ұласқан пастар қарсыласты біраз есеңгіретіп тастады.
Небәрі 11-минутта «Қайрат» қарсыласқа гол соғып, есепті ашты. Бірақ гол есепке алынбады. Орталық қорғаушының бірі Мартинович оффсайдқа түсіп, өз мүмкіндігін жіберіп алды. Ізін суытпай толассыз келген қауіпті сәттер қарсылас айып алаңында көп болды. Бірде пас жетпей қалса, енді бірде соққымыз дәл ұшпай жатты. Ойын есебі тең демесек, «Қайрат» «Селтиктен» бір бас жоғары ойнады деуге негіз бар. Бірінші таймның өзінде статистикада Селтик біздің аймаққа 2 соққы жасаса, біздің жігіттер 5 соққымен басым түскен.
Ал екінші таймда «Селтик» қарқынын күшейтті. Тіпті, жылдам гол соғып кетуіне сәл қалды. Бірақ сол эпизодта доп қақпа бағанына тиіп, қақпашымыз Александр Заруцкий бір ажалдан құтқарып қалды. Әдетте «Селтик Паркте» 60 мың жанкүйердің алдында ойнау оңайға соқпайды. Бірақ Заруцкийдің әр минут сайын сенімді сейвтар жасай отырып, командаластарына рух бергені іштей бір уайымымызды басып отырғандай болды. Екінші таймның ортасында негізгі қақпашымыз жарақат алып, орнына Темірлан Анарбеков шықты. Жас ойыншы дебютін осындай жауапты матчта алса да, еш саспай тәуір ойнады. 57-минутта «Қайратқа» алғашқы голды соғатын керемет сәт туған еді. Шабуылшымыз Эдмилсон қарсыластың қателігін пайдаланып, алаңның ортасынан допты төбелете тепкенімен, доп қақпа маңдайшасынан жоғары ұшты. Бапкерлер мен жанкүйер дәл осы сәтте қуануға шақ қалған еді. Амал нешік, қарсыластың бағы жанды.
Алтын құрамның алтын жігіттері
Құрама сапында кейбір өзгешеліктер болғаны рас. Иә, ойынға дейін Валерий Громыко қатыспайды деген сыбыстар болған еді. Алайда ереже бойынша оның алаңға шығуға толықтай мүмкіндігі бар екенін естіп, біраз марқайып қалдық. Қайрат сапында ұлттық құрамада ойнайтын 4 ойыншымыз ойынның алғашқы минутынан бастап шықты. Олар Александр Заруцкий, Еркін Тапалов, Дастан Сатпаев, Александр Мринский болды.
Сарапшылар ойынның үздік ойыншысы деп Еркін Тапаловты айтты. Себебі Тапаловтың негізгі ойнайтын қапталы тірекші, бірақ ол осы ойында сол қапталды толығымен өз мойнына алды. Әуелден ол қызмет Луиш Матаның құзыретінде болғанмен, оның алаңға шықпауы отандасымызға үлкен мүмкіндік берді. Одан бөлек, қарсыластың тәжірибелі әрі қауіпті ойыншысы Джеймс Форрест дәл осы Тапаловтың қапталында оған қарсы ойнады. Ал өз кезегінде Еркін Тапалов допқа тез жетіп, керек кезде корпусын да қойып азулы шабуылшының алдын орап отырды.
– «Қайраттың» ойынына шынымен де өте жоғары баға беруге болады. Өйткені қарсыласы жай клуб емес, Шотландияның 55 дүркін чемпионы, Чемпиондар лигасының тұрақты қонағы, тәжірибесі мол «Селтик». Өткен маусымда да талай мықты командамен терезесі тең ойнаған ұжым. Сондықтан «Қайраттың» сырт алаңдағы тең есебі біз үшін жеңістің өзі дер едім. Айта кетейін, бұл «Қайраттың» тарихында бірінші рет плей-офф кезеңіне шығуы. Оның үстіне, рейтинг пен трансферлік құн жағынан да арада он еселік айырмашылық бар.
Бірақ біз ол ойында тек қорғанысқа жабысып алған жоқпыз. Жоқ, алғашқы минуттан бастап-ақ батыл ойнадық, шабуыл жасадық, қауіпті сәттер де тудырдық. Бұл біздің деңгейіміздің өсіп келе жатқанын көрсетеді. Алдағы матчқа келсек, менің ойымша, «Қайраттың» келесі кезеңге өту мүмкіндігі Селтикке қарағанда жоғарырақ. Неге десеңіздер, қарсыласымыз Алматыға 5 600 шақырым ұшып келеді, шамамен 10 сағаттай жол. Одан кейін дайындалуға уақыт болмайды. Оның үстіне, Алматының ауа райы, биіктік, таулы аймақтың ерекшелігі де өз әсерін тигізбей қоймайды.
«Қайрат» өз алаңында әрқашан сенімді ойнайды. Бұған дейін «Слованды», «КуПС-ты», «Олимпия Люблянаны» өз жерімізде жеңгенбіз. Сондықтан сенім бар, мүмкіндік мол, – деді осы ойынды жүргізген спорт комментаторы Ерсін Ерік.
No Dastan, no party
Осы ойынның қап әттеген-ай дейтін жері соңғы минуттарда болды. Матчтың бітуіне 1 минуттай қалған кезде Дастан Сәтпаев қарсыластың айып соққысына аяғын тосып, болмайтын жерден сары қағаз алып кетті. Еске сала кетсек, өткен матчта Дастан сары қағаз алған болатын. Демек, ереже бойынша тағы да сары қағаз алса, келесі ойында ойнамайды. Жалпы, сарапшылар мен спорт комментаторлары осы сәтке байланысты түрлі ой айтты. Бірі «неге Дастанды ауыстырмады?» десе бірі «неліктен Дастанды қорғанысқа ығыстырамады?» деді. Қарымта ойында Дастанның жоқтығы аз да болса білінері анық.
– Әрине, қарымта ойында Дастан Сәтпаевтың алаңға шықпауы ойынға әсер етеді. Команда көптен бері онымен бірге ойнап үйреніп қалған. Бірақ бұл Қайрат міндетті түрде әлсірейді дегенді білдірмейді. Дастанның орнына Эдмилсон бар, Громыка бар, жас талант Рамазан Бағыдат бар. Солардың бәрі жүгін көтеруге дайын. Әрине, Дастан ойнағанда «Қайратқа» жеңіл болар еді, бірақ ереже бар, оны айналып өте алмаймыз. Ең бастысы, қалған жігіттер шабуылда бар күшін салып, жанын беріп ойнайды деген сенімдеміз, – дейді спорт комментаторы Әлімжан Асқар.
Қайрат клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин Дастан Сәтпаевты неге соңына дейін ұстағанын айтқан болатын.
– Дастан қарсыластың қалай ойнайтынын түсініп, біліп алды. Сондықтан оны ауыстырсақ, керісінше жағдайды қиындатып аламыз деп ойладық. Біз оның сәл шаршағанын және сары қағаз алуы мүмкін екенін білдік. Әлгі сәтте инерциямен аяғын көтеріп қалды. Қарсыластың қапталында ротация көп болды. Ал соның барлығын Сәтпаев, Тапалов және Арад жақсы түсініп жүрді. Сондықтан шабуыл шебіне шыққан ойыншы дәл солай сапалы ойнай алмайды деп қорықтық.
Сондай-ақ Дастаннан бірнеше рет жағдайын сұрадық. Ол әлі ойнай алатынын айтты. Бірақ қарымта матчқа қатыса алмайтыны өкінішті», – деді «Қайраттың» бас бапкері Ермұхамед Мәуленге берген сұхбатында.
Ендігі шешуші ойын Алматы орталық стадионында өтпек. Арманда кеткен чемпиондар лигасына шығуға бір ғана қадам қалды. Барша қазақ жұрты тақымын қысып, жанын шүберекке түйіп, тастүйін дайындықпен осы ойынды асыға күтіп отыр. Алматылық «Қайраттың» асығы алшысынан түссе екен дейміз.
Әсет ҚАЛИ