«Ұшақта бомба бар»: Ақтауда сәбиімен ұшқалы тұрған әйел әуежайды дүрліктірді

Куәгерлердің айтуынша, әйелдің мұндай әрекетіне эмоционалдық күйзеліс себеп болуы мүмкін.

Ақтау – Шымкент бағытындағы Scat әуе компаниясының рейсінде төтенше жағдай болды. Lada.kz. мәліметінше, әуе кемесінде шамамен 200 жолаушы отырған.

Редакцияға белгілі болғандай, 1998 жылы туған әйел сәбиімен бірге ұшаққа мінгеннен кейін бортта жарылғыш зат бар екенін мәлімдеген. Осыдан соң барлық жолаушы мен экипаж шұғыл эвакуацияланып, ұшақ бес сағаттан астам уақыт арнайы қызметтердің тексеруінде болды. Нәтижесінде ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.

Куәгерлердің айтуынша, әйелдің мұндай әрекетіне эмоционалдық күйзеліс себеп болуы мүмкін. Ол рейстен түсірілді.

Көліктегі полиция департаменті фактіні растады. Маңғыстау стансасындағы желілік полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің «Терроризм актісі туралы жалған хабарлама» бабымен қылмыстық іс қозғады.