Танымал әртіс әрі продюсер Дариға Бадықова көпшілікке беймәлім сырын жариялап, өмір жолындағы басты тірегі мен табандылықтың қайнар көзін атады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әртіс журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында өзінің жеке тәжірибесін бөлісіп, бауырының тағдыры оны қайсарлыққа тәрбиелегенін айтты.
«Мені қайсар болуға жетелеген – інім. Әр отбасында алға сүйрейтін бір бала болады ғой, біздің әулетте ол – менмін. Ортаншы перзентпін, менен кейінгі інім ауыр дертке шалдыққан. Дәрігерлер оған Бехтерев ауруы деген диагноз қойды. Сүйектері өте әлсіз болғандықтан, ай сайын арнайы белок алып отырады. Бұл дерттің асқынуына кезінде дұрыс ем жасалмағаны, қаржы тапшылығы себеп болды. 10 жасында аттан құлап, тізесін жарақаттаған еді, содан басталған сырқат бел-омыртқасына дейін жетті. Ресейлік мамандарға да көріндік, бірақ түбегейлі жазылмады. Қазір оған ай сайын шамамен 1 миллион теңгеге дәрі алып беремін. Биыл 38-ге толды. Қоларбаға таңылғысы келмейді, еңбекке жарамаса да, отбасылы, мінезі өте ашық, позитив жан», – деді Дариға Бадықова.
Д.Бадықованың айтуынша, інісінің өмірге құштарлығы мен қайсарлығы оған әрдайым жігер беріп, сынбауға үйреткен.
«Інімнің дерті маған күш береді. Өмір бойы еңбек етуден жалыққан жоқпын. Қай жерде той, мереке, іс-шара болса, бәріне қатысуға тырыстым. Саудамен де айналыстым. Інімнің маған сенімі мен көзқарасы үлкен демеу болды. Әкемнен кейінгі ер азамат болған соң, үйіне барған сайын қуанып қайтамын. Дастарқанын жаюы, отбасының бірлігі, үйінің көркейгені – бәрі маған шабыт береді. Кейде дені сау адамдардың бос жүргенін көргенде, шын мәнінде ойланамын», – деп түйіндеді әртіс.